Түркі әлемі фотосуретшілерінің қауымдастығы құрылды

 Түркі әлемі фотосуретшілерінің қауымдастығы құрылды

Түркі әлемі фотосуретшілерінің Мажарстандағы тарихи сапары жайлы жолжазба

12–22 тамыз аралығында Мажарстанда ұйымдастырылған Түркі әлемі фотосуретшілерінің 20-фотокездесуі табысты аяқталды, деп хабарлайды photooner.kz.

Аталған халықаралық шараны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен Лакителек халық мектебі қоры (Мажарстан) ұйымдастырып өткізді. Бағдарламаға Қазақстан (Асылхан Әбдірайым, Дәурен Мұхамеджанов, Алмас Алимжанов, Ернұр Манапхан), Түркия (Мухаммед Кадри Байрам, Илкин Ескипехливан, Мустафа Гөнен), Өзбекстан (Рустам Шарипов), Әзербайжан (Рауф Умидов), Қырғызстан (Алимжан Жоробаев), Солтүстік Кипр (Мехмет Гөкжигит, Гирай Карахасан) және Башқұртстан (Елена Болдырева) сынды түркі мемлекеттерінен және ұйымдастырушы ел Мажарстаннан Шандор Уйвари сынды 13 кәсіби фотосуретші қатысып, өз шеберлігін паш етті.

Шараның басты мақсаты түркі халықтары мен мажарлар арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайту және түркі дүниесінің бай мәдениетін барша әлемге насихаттау.

Фотокездесу қатысушылары сапарды Мажарстанның астанасы Будапеште орналасқан Венгрия Парламенті ғимаратын, Буда қамалы ауданын, Балықшылар қорғанын және атақты Дунай өзенінің бойындағы сәулеті мен дәулеті келіскен тамаша тарихи ғимараттарды аралап, таспалаудан бастады.

Келесі күні Паннонхалмадағы Бенедикт аббаттығының ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұрасы ретінде қорғауға алынған сәулеттік ғимаратына барып, оның ішіндегі тарихи кітапхананы аралады.

Түркі әлемінің ортақ идеясына негізделген бұл жоба табысты жүзеге асты деуге толық негіз бар. Себебі осы фотокездесуге қатысушылар «сабақты ине сәтімен» дегендей, Бугац жазығында күллі әлем көз тіккен «Ұлы Ғұн – түркі Құрылтайы – 2026» фестиваліне де қатысты.

14-16 тамызда Венгрияның Бач-Кишкун аймағында өткен Ұлы Ғұн-түркі құрылтайына 27 мемлекет пен халықтан жоғары деңгейдегі өкілдер, өнерпаздар, ғалымдар және дәстүрді дәріптеушілер қатысты. Фотосуретшілер салтанатты ашылу салтанатына, ат үстіндегі қойылымдар, садақ ату, көшпенділердің көші, түрлі ұлттық ойындар, ұлттық қолөнер және өзге де мәдени бағдарламалар жайында қайталанбас кадрлар түсіріп, тарих жылнамасына сақтауға атсалысты.

Одан кейін фотосуретшілер тобы Калоча қаласына барып, Халық өнері мұражайын, ондағы кесте өнері мен паприка мәдениетін, қыш шеберханаларын аралады.

Келесі күні күллі Еуропа жұртына аты мәлім Пушта жазығында орналасқан Хортобадь ұлттық паркінде болып, салт аттылар шоуын тамашалап, венгрдің жабайы жылқыларын, сұр сиырлары мен буйволдарын суретке түсіріп, малшылардың өмірімен танысты.

Фотосуретшілер сапары одан әрі Венгрияның ұлы ақыны, революционер және ұлттық тәуелсіздік қозғалысының көрнекті тұлғасы, венгр әдебиетінің ең танымал классиктерінің бірі — Шандор Петефидің туған жері Кишкөрөш атты ескі қалаға барып, Петефи мұражайы мен Мемориалдық үйін аралап, ондағы мәдени мұра нысандарын фотосуретке түсірді.

Фотосапардың келесі локациясы — ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұрасы ретінде танылған Холлоко (Қарғалы) ауылы болды. Фотошеберлерді ауыл әкімі өзі күтіп алып, ауылдың тарихы жайлы және Холлоко ауылының (бастапқы қалпын сақтаған 65 үй) не себепті ЮНЕСКО тізіміне алынғанын түсіндіріп берді. Фотошылар осылайша мажар еліндегі тарихи ауылдың дәстүрлі сәулетін суретке түсіріп, халық мұражайы мен қолөнер шеберханаларын аралап, ауыл өмірімен танысты.

Түркі елдерінен келген фотосуретшілер 20 тамыз күні Будапешт қаласына қайтып оралып, түске дейін Будапешт Көркемөнер (Műcsarnok, Kunsthalle Budapest) сарайына барып, онда бір мезетте өтіп жатқан халықаралық дәрежедегі 4 (төрт!) фотокөрмені тамашалауға мүмкіндік алды. Фотосурет өнеріне мемлекеттік деңгейде осынша мән беріп, жоғары бағалап отырғаны үшін мажарлықтарға қызығып та, қызғанып та қарағанымызды несін жасырайық. Біздің елдің мәдениеті мен өнерінің басында отырғандарға құлаққағыс десек те болады.

Бұл күні кешке қарай жұрттың бәрі Дунай дәриясының жағасына асығады. Себебі 20 тамыз – Мажарстанның ұлттық күні (Әулие Иштван күні) мемлекеттік мерекелік іс-шараларға қатысып, кешкі Дунай өзеніндегі отшашу мен дрондар шоуын өз көздерімен тамашалауға тырысады. Әулие Иштван I (Szent István király) — Венгрияның алғашқы королі және мемлекетті христиандық негізде қалыптастырған тұлға болған.

Түркі әлемі фотосуретшілері қауымдастығының ІІ Құрылтайы

Осы онкүндік аясындағы ең басты шаралардың бірі – ТҮРКСОЙ ұйымының жанынан құрылып жатқан Түркі әлемі фотосуретшілері қауымдастығының ІІ Құрылтайы болды.

Маңызды жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев пен Лакителек халық мектебін дамыту қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Шандор Лежак арнайы қатысып, фотография өнерінің түркі халықтарының мәдени мұрасын танытудағы маңызына тоқталды. Олар құрылтай жұмысына сәттілік тілеп, жаңадан құрылып жатқан халықаралық фотоқауымдастыққа өздерінің құттықтау лебіздерін білдірді.

Құрылтай барысында Түркі әлемі фотосуретшілері қауымдастығының Жарғысы ресми түрде қабылданып, ұйымның негізгі жұмыс бағыттары мен құрылымы айқындалды.

Жиынның басты жаңалығы – қауымдастықтың алғашқы төрағасы болып Қазақстанның кәсіби фотосуретшісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаз-ғалымы Асылхан Әбдірайымның сайлануы болды. Осылайша, қазақстандық фотограф халықаралық деңгейдегі жаңа ұйымның алғашқы басшысы атанды.

Құрылтайға түркі әлемінің бірқатар елдерінен келген кәсіби фотосуретшілер қатысып, қауымдастықтың құрылтайшылары құрамына енді.

Сонымен қатар, халықаралық ұйымның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасатыны туралы келісім жасалды. Бұл шешімнің өзіндік тарихи мәні бар. Себебі Түркі әлемі фотосуретшілері қауымдастығының алғашқы құрылтайы 2024 жылы дәл осы Алматы қаласында өткен болатын.

Жаңа қауымдастықтың құрылуы – түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын фотография өнері арқылы насихаттауға, кәсіби шығармашылық байланыстарды нығайтуға және түркі әлемі фотосуретшілерінің халықаралық ынтымақтастығын дамытуға бағытталған маңызды қадам.

Будапешттегі фотокөрме

22 тамыз күні «Budapest Art Bridge» галереясында Түркі әлемі фотографтарының көрмесі салтанатты түрде ашылды. Онкүндіктің басты шарасына Өзбекстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі Айбек Шахавдинов, Венгрия Ұлттық музейінің бұрынғы бас директоры, өнер жетекшісі Ласло Л. Шимон, сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елшіліктерінің өкілдері де қатысты.

Ашылу кезінде Андраш Мате Оноди дәстүрлі венгр музыкалық аспабы tekerőlant-пен, ал Богларка Фехер қазақша ән айтып, қобыз аспабында тамаша күй орындап, жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Фотокөрменің ашылу рәсімін ТҮРКСОЙ 20-фотокездесуінің Венгриядағы үйлестірушісі, MTI ақпарат агенттігінің фототілшісі Шандор Уйвари өзі жүргізіп отырды.

Көрме ашылуының соңында барлық қатысушылар атынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз-ғалым, фотопублицист Асылхан Әбдірайым сөз сөйлеп, барлық ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтарды табыс етті.

Көрмеге ТҮРКСОЙ 20-фотокездесуіне қатысқан барлық фотосуретшілердің таңдаулы жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.

Соңғы сөздің орнына…

Мажарстанда он күннен астам уақытқа созылған ТҮРКСОЙ 20-фотокездесуі қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Сапар барысында олар елдің тарихи-мәдени орындарын аралап, түрлі шығармашылық және мәдени іс-шараларға қатысып, түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын жақыннан таныды.

Әрбір көрініс пен кездесу фотосуретшілердің шығармашылық қоржынына жаңа кадрлармен қатар, тың идеялар мен тағылымды әсерлер қосты. Бұл сапар түркі әлемінің мәдени байланыстарын нығайтып қана қоймай, фотография өнерінің халықтарды жақындастыратын маңызды рухани көпір екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Мажарстаннан оралған фотосуретшілер үшін бұл сапар есте қаларлық шығармашылық тәжірибе әрі жаңа жобаларға бастау болғаны сөзсіз.

Дәурен Мақсұтханұлы, фотожурналист

Суреттерді түсіргендер — Асылхан Әбдірайым, Дәурен Мұхамеджанов,

Алмас Алимжанов, Ернұр Манапхан

Алматы – Будапешт – Алматы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *