Ақтамберді жыраудың 350 жылдық мерейтойы өтті

 Ақтамберді жыраудың 350 жылдық мерейтойы өтті

Абай облысы, Аягөз ауданында қазақтың қаһарман батыры, көрнекті жырауы Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдығына арналған мерейтой өтті, деп хабарлайды photooner.kz.

Екі күнге созылған дүбірлі той Құндызды ауылындағы Ақтамберді жырау кесенесіне зиярат етуден басталып, батыр рухына құран бағышталды. Одан кейін Аягөз қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген №11 «Келешек» мектебінің мәжіліс залында Ақтамберді жыраудың тарихи мұрасы мен елдік жолындағы еңбегіне арналған «Жауға найза — елге мұра Ақтамберді жыры» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтіп, Ақтамберді жырауға арналған «Абыз баба — Ақтамберді» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Конференцияға Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлы Раханов қатысып, облыс әкімі Берік Уәлидің мерейтойға арналған құттықтауын жеткізді.

Жиында еліміздің түпкір-түпкірінен келген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері батырдың өмірі, шығармашылығы және қазақ тарихындағы орны туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Шара барысында Ақтамберді мұрасын зерттеп, насихаттауға үлес қосып жүрген бір топ азаматқа құрмет көрсетіліп, мерейтойлық төсбелгілер табысталды.

Алғашқы күннің екінші бір негізгі шарасы — «Ерлікті, елдікті жырлаған Ақтамберді» атты республикалық жыр мүшайрасы ұйымдастырылып, жеңімпаздары белгілі болды. Мүшайраның қазылар алқасына ҚР Мемлекеттік сыйлығының игері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы төрағалық етті.

Бас жүлдені (автокөлік) қарағандылық шайыр Жанат Жаңқашұлы, бірінші орынды астаналық Ұларбек Нұрғалым, 2-орынды семейлік Айтмұханбет Бейсембеков, 3-орынды астаналық Жұлдызай Ысқақ иеленді.

Ақтамберді жыраудың рухына арналған жырларын 119 ақын ұйымдастыру комитетіне электронды мекен-жай арқылы жолдады. Барлық қатысушылардың аты-жөні құпия сақталып, қазылар алқасына тек шығармалар ғана ұсынылды. Тек іріктеуден өткен ақындар ғана Аягөз қаласына арнайы шақырылып, «Келешек» мектебінің салтанат залында өз туындыларын көпшілікке көсіліп оқып берді.

Одан кейін қалалық орталық стадионда садақ ату, қазақша күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар бастау алды. Қатысушылар садақ атудан мергендіктерін сынаса, қазақ күресінен іріктеу турнирінде боз кілемге шыққан балуандар өзара мықтыны анықтады.

Кешке осы тойға жан-жақтан келген қонақтардың басын қосу үшін аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров бастаған аудан азаматтары «Нұрай» мейрамханасында анайы дастархан жайып, қонақ күтті.

Екінші күн. Аягөз қаласының жаңа атшабары. Елуден астам ақшаңқан киіз үй. Күллі қазақ халқына отрақ тұлға, әрі батыр, әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдық мерейтойына арналған ең негізгі мерейтойлық шаралар осы жерде ұйымдастырылды.

Мерейтойдың ресми ашылу салтанаты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер және театр режиссері Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлігімен сахналанған театрландырылған қойылыммен басталды.

Қазақ халқының басынан өткен небір қаралы күндер мен қуанышты кезеңдерді сәтті үйлестіре білген қойылым барысында «Nomad» каскадерлік тобы мен «Топжарған» этнографиялық тобы ат үстінде ойнақ салып, әсерлі өнерімен көрермендердің қошеметіне ие болды.

Мерекелік шараның ресми ашылуында облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлы жиылған жұртты атаулы мерейтоймен құттықтап, Абай облысының әкімі Берік Уәлидің құттықтау сөзін жеткізді.

Сонымен қатар, Ақтамберді Сарыұлының рухына тағзым ретінде мерекелік алаңдағы киіз үйлерде бір мезетте келген қонақтарға ұлттық дәстүрге сай ас беріліп, құран бағышталды.

Кез келген мерейтойдың ең әсерлісі қазақ күресі мен садақ ату болса, делебеңді қоздырар шарасы – теңге ілу, қыз қуу, бәйге емес пе?! Енді спорттық шаралардың жеңімпаздарын рет-ретімен баяндайық.

Қазақ күресі, оған жалпы 47 спортшы қатысты. 74 кг дейінгі салмақ дәрежесі: I орын – Тілек Тоқтасынұлы (Жетісу облысы) – Чанган автокөлігі, II орын – Береке Рахметулла (Алматы қаласы), III орын – Нұрғали Тұрсынғазиев (Аягөз қаласы). Қатысушылар саны – 27 спортшы болды.

+90 келіден жоғары салмақ дәрежесі: I орын – Дәурен Нұралинов (Аягөз қаласы) — Chevrolet Cobalt автокөлігі, II орын – Нұрсұлтан Қожагелдіұлы (Шымкент қаласы), III орын – Әділ Оразбаев (Абай облысы). Қатысушылар саны – 20 спортшы.

Дәстүрлі садақ ату, оған жалпы 53 спортшы қатысып өз бағын сынап көрді: I орын – Оразай Қайырсапин (Батыс Қазақстан облысы) – Chevrolet Cobalt автокөлігі, II орын – Мақсат Әбдікәрімов (Шымкент қаласы) – 1 000 000 теңге, III орын – Азамат Егібаев (Абай облысы) – 500 000 теңге, IV орын – Асқарбек Усабаев (Абай облысы) – 300 000 теңге, V орын – Ерасыл Мұрат (Батыс Қазақстан облысы) – 200 000 теңге. Қатысушылар саны – 53 спортшы.

Аударыспақ, оған жалпы 38 палуан қатысты. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі: I орын – Саят Тәттімбетов (Абай облысы) – 500 000 теңге, II орын – Темірхан Қанатұлы (Абай облысы) – 300 000 теңге, III орын – Ерасыл Сайлаубеков (Шығыс Қазақстан облысы) – 200 000 теңге. Қатысушылар саны – 20 палуан.

+100 келіден жоғары салмақ дәрежесі: I орын – Далер Оразымбетов (Жетісу облысы) – 500 000 теңге, II орын – Ермек Жапишов (Шығыс Қазақстан облысы) – 300 000 теңге, III орын – Ілияс Төлеухан (Абай облысы) – 200 000 теңге. Қатысушылар саны – 18 палуан.

Ақтамберді жыраудың мерейтойына деп еліміздің және көрші Қырғызстаннан атбегілер арнайы баптап келген сәйгүліктерін бәйгеге қосты.

Ат жарысы. Жарыс төрт санат бойынша ұйымдастырылды. Топ бәйгеге (15 шақырым) 30 ат қатыстырылды: I орын – «Абырой», иесі – Дидар Мақажанов, шабандозы – Ерсұлтан Жарқын, бапкері – Дидар Мақажанов (Алматы облысы, Ақтерек ауылы) – Чанган автокөлігі; II орын – «Ұлытау», иесі – Нұрлан Сатыбалдиев, шабандозы – Нұржігіт Раззақ, бапкері – Ерлан Тұрсынәлі (Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалағаш ауылы); III орын – «Желсұлу», иесі – Нұрсейіт Жылқышыбай, шабандозы – көрсетілмеген, бапкері – Секенай Бөбекбай (Алматы облысы); IV орын – «Байтас», иесі – Болатхан Қасенов, шабандозы – Рамазан Сәбитжан, бапкері – Нұржан Қасенов (Абай облысы, Аягөз ауданы, Ақши ауылы); V орын – «Қалқаман», иесі – Нұрлан Ғазезов, шабандозы – Төрехан Сұлтан, бапкері – Жарқын Бакраев (Абай облысы, Ақсуат ауданы).

«Аягөз арғымағы» бәйгесі, оған 35 ат қатыстырылды: I орын – «Шұғыла», иесі – Айбек Төреғазин, шабандозы – Әли Рахман, бапкері – Айтөре Сайлау (Аягөз ауданы Тарбағатай ауылы) – Чанган автокөлігі; II орын – «Баққасқа», иесі – Асылжан Жанахмет, шабандозы – Арсен Рымғазин, бапкері – Асылжан Жанахмет (Аягөз ауданы Ақтоғай кенті); III орын – «Сарыарқа», иесі – Қанат Жетпісов, шабандозы – Саян Батырхан, бапкері – Бексұлтан Тұрсағатов (Аягөз ауданы Сарыарқа ауылы); IV орын – «Қаратал», иесі – Совет Момышев, шабандозы – Дияр Серік, бапкері – Шыңғыс Момышев (Аягөз ауданы Тарбағатай ауылы); V орын – «Аңсаған», иесі – Совет Момышев, шабандозы – Нұрлыбек Ануарбек, бапкері – Шыңғыс Момышев (Аягөз ауданы Тарбағатай ауылы); VI орын – «Тастүлек», иесі – Талғат Мұхаметқалиев, шабандозы – Раззақ Нұржігіт, бапкері – Еркебұлан Советқазы (Аягөз қаласы); VII орын – «Тұмар», иесі – Бақтыбек Жампозбаев, шабандозы – Бақытжан Серікбай, бапкері – Ардақ Жақыпов (Аягөз ауданы Мәдениет ауылы).

Жорға жарысына (8 шақырым) 25 сәйгүлік қатыстырылды: I орын – «Императрица», иесі – Өмірбек Бабанов, шабандозы – Асқарбек Жеңішов, бапкері – Чубак Жайлобек уулу (Қырғыз Республикасы) – Чанган автокөлігі; II орын – «Восход Лок», иесі – Саламат Бообеков, шабандозы – Ербол Кыштообаев, бапкері – Мирзат Шугуралиев (Қырғыз Республикасы); III орын – «Гарай», иесі – Аңсар Өмірбек, шабандозы – Арман Урматбек, бапкері – Мақсат Муслимұлы (Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы); IV орын – «Жұлдыз», иесі – Берік Юсупов, шабандозы – Юрий Лымарь, бапкері – Мұхтар Нұрбеков (Семей қаласы); V орын – «Мулан», иесі – Нарынбек Абласов, шабандозы – Элдияр Эдилбек уулу, бапкері – Мирзат Шугуралиев (Қырғыз Республикасы).

Аламан бәйгеге 33 ат қатысып, өз бағы мен бабын сынап көрді: I орын – «Айман», иесі – Жасыбай Нұғыманов, шабандозы – Нұрасыл Бекбатыр, бапкері – Жомарт Рахымбердиев (Павлодар облысы Баянауыл ауданы) — Танк-300 автокөлігі; II орын – «Айтолқын», иесі – Айсұлтан Нұрберген, шабандозы – Нұрислам Сайлау, бапкері – Мақсат Мұраханбаев (Жамбыл облысы Қордай ауданы); III орын – «Сармат», иесі – Сапарғали Сәтбаев, шабандозы – Мерей Гарифуллин, бапкері – Жамбыл Бөбекпай (Алматы облысы Балқаш ауданы); IV орын – «Таужирен», иесі – Еркін Садықбеков, шабандозы – Мұхаммед Таңжарық, бапкері – Абдрахман Күлгінбаев (Жетісу облысы Кербұлақ ауданы); V орын – «Қозықоңыр», иесі – Шалқар Сарқытбаев, шабандозы – Аслан Асылбекұлы, бапкері – Жалғас Шалқарұлы (Абай облысы Үржар ауданы).

Мерейтойдың кеші жарыс жеңімпаздарын марапаттаумен жалғасты. Оған елімізге белгілі Нұртай Сабилянов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері, Тоқтар Серіков сынды өнер майталмандары қатысты.

Ал, мерекелік шарада аягөздік «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» мәдениет үйінің және облыстық мәдениет пен өнердің өкілдерімен қатар, есімдері күллі қазақ еліне танымал әншілер Толқын Забирова, Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа және т.б. ел сүйсіне тыңдайтын әндерін арнаса, кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Сонымен Аягөз өңірінде екі күнге созылған Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдығына арналған мерейтой жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық рухты ұлықтаған тағылымды іс-шараларымен есте қалды.

Мерейтойдың басты ерекшелігі – батыр һәм жырау Ақтамберді Сарыұлының тарихи мұрасын дәріптеумен қатар, елді бірлікке шақыра отырып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіруге бағытталуы болды. Әсіресе, ұлттық спорт түрлеріне жүздеген спортшының қатысуы мен ат бәйгесіне Қазақстанның бірнеше облысынан, сондай-ақ Қырғыз Республикасынан жүйрік аттардың келуі мерекенің ауқымын айқындай түсті.

Екі күндік мерейтой Ақтамберді бабаның рухына көрсетілген тағзым ғана емес, қазақтың бай рухани мұрасы мен салт-дәстүрін, ұлттық өнері мен спортын ұлықтаған тағылымды мереке ретінде көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл игі бастама өңірдің мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, ел бірлігі мен ұлттық болмысты нығайтуға қызмет ететін маңызды рухани оқиға ретінде өз бағасын алды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осындай ауқымды да жауапты шараны шашау шығармай, жұртты ұйыстыра білген Аягөз ауданының әкімі міндетін атқарушы Айбек Серікболұлы Нұғымаровқа аудан жұртшылығы өз ризашылығын білдіруде.

Айтпақшы, Ақтамберді Сарыұлына арналған шара мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы күндері Аягөздің төрінен биіктігі 5 метрден асатын қоладан құйылған алып ескерткішінің салтанатты ашылуы болады деп күтілуде.

Дәурен Мақсұтханұлы,

«Фотоөнер» ҚБ вице-президенті, фотожурналист

Суреттерді түсірген автор

Алматы-Аягөз-Алматы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *