Алматыда «Наурыз кереметтері» атты мерекелік этнофотокөрме ашылды

Бүгін, яғни 21.03.2025 ж. Алматы қаласындағы Наурыз мерекесі аясында «Астана» алаңында «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің фотосуретшілері Оңғарбек Алхаров пен Ернұр Манапханұлының «Наурыз кереметтері» атты мерекелік этнофотокөрмесі ресми ашылды, – деп хабарлайды photooner.kz.
Шараны ұйымдастырғандар: «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен.
Шараның ресми ашылуы ардагер фототілші Нұрманбет Қизатұлының ақ батасымен басталып, атақты күйші Талап Қараштың күмбірлеген күйлерімен сүйемелденіп, «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті Асылхан Әбдірайымұлының құттықтау сөзімен жалғасты.
Шаһардағы Төле би мен И.Панфилов көшесінің қиылысында орналасқан этнографиялық тақырыптағы фотокөрмені тамашалауға келген жұрттың қарасы бүгін өте көп болды. Оның үстіне ауа райы да нұрын төгіп, біздің көрмеге болысқандай жақсы әсер қалдырды.
Айта кету керек, бұл жолғы қалалық масштабтағы көрмеге өз туындыларын қойған қос жігіттің бірі — Оңғарбек Есенбайұлы Алхаров, ҚР Көркем Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Дизайнерлер Одағының және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, өнертану ғылымдарының магистрі, суретші-дизайнер, этнофотограф, ұстаз.
Ал, Ернұр Манапханұлы — ҚХР Іле-Қазақ автономиялық облысында дүниеге келген. 2019 жылы атажұртқа келіп Алматы қаласына қоныстанған. Содан бері «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелігіне қабылданып, фотоөнерімен үздіксіз айналысып келеді. Бірнеше халықаралық және республикалық фотобайқаулардың жеңімпазы.
«Наурыз кереметтері» атты мерекелік этнофотокөрме – қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен Наурыз мейрамының көркем бейнесін айшықтайтын ерекше шығармашылық жоба.
Ашық аспан астындағы этнографиялық фотокөрмеге Оңғарбек пен Ернұрдың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, ұлттық киімдері мен салт-дәстүрін, көркем табиғат көріністерін, бір сөзбен айтқанда Наурыздың сән-салтанаты мен көктемгі жаңару рухын бейнелейтін 60-тан астам фототуындысы қойылған.
Фотокөрмеде авторлардың объективі арқылы қазақ мәдениетінің терең тамыры мен бүгінгі заманмен тамаша үндестігі көрініс тапқан. Бұл көрме ұлттық мұраны насихаттап, көрермендерді қазақ халқының бай мәдениетімен жақынырақ танысуға шақырады.
Тағы бір айта кетерлігі, мұнда Оңғарбек фотоға түсіру шеберлігін көрсету үшін өзі дайындаған фотоальбомдары мен реквизит ретінде қазақтың батырлары мен аруларының киімдерін, сауыт-саймандарын ала келген болса, Ернұр шағын кілемге басылған өзі түсірген фотосуреттерін де ала келіпті. Бұл керметтер Наурызға арналған көрменің көрігін қыздыра түсуде.
«Наурыз кереметтері» атты этнофотокөрме ертең де сол орыннан табылады. Сондықтан бүгін көріп үлгермей қалған қала қонақтары болса, ертең сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін барып тамашалап, ұнаған фотосуреттерін сатып алуларына да болады.
Дәурен Мақсұтханұлы,
көрменің кураторы,
фотожурналист.
Суреттерді түсірген автор