Алтайдағы «Арал»
Немесе шекара «күзеткен» екі үй
Шағыл тасты иықтан асқанда, мөлдіреп Марқакөл көрінді. Алтайдың шыңдарын жағалай ұшқан тікұшақтың бағыты — көл жағасындағы Верх Еловка ауылы. Негізгі атауы — Қарағайлы бұлақ. Кезіндегі 160 үйлі ауылда бүгін екі-ақ түтін қалыпты.
Біз жағалауында қаңырап қалған Қарағайлы бұлақ ауылына қондық. Мызғыған тыныштық. Бөренеден қиып салынған үйлердің бәрі бос. Маңайын адам бойы шөп басқан. Бір үйдің терезесінен ішке үңілдім. Үйдің іші ала-көлеңке. Ортада өрмекшінің торы шырмаған керосинмен жанатын шам тұр. Мұнда ұялы байланысты қойып, электр желісі жоқ. Алдымыздан ат арбамен салдырлатып бір жігіт шықты. Амандық-саулық сұрасып, әңгімелестік. Есімі Захар екен. Осы ауылдың тумасы. Негізгі кәсіптері — мал. Жайылым да, шабындық та жеткілікті мұнда. Ешкімнің таласы жоқ. Иен жатыр. Ауылдың өзі иесіз. Бертінге дейін он бес-он алты түтін болса, бүгінде екі-ақ отбасы қалған. Көл жақтағы бір үйден төбет еріткен жігіт шығып жанымызға жақындады. Жас-шамасы қырықтан асқан. Тайыншадай төбетіне қарап:
— Аға, мына төбетіңіз жейін деп тұр ғой, — дедім әзілдеп.
— Жо-жоқ, бұл иттер адам келсе, керісінше қуанады, — деп жымиды.
Рас, адам аяғы сирек мұнда. Анда-санда ғана джип мінген туристер келеді екен. Оның өзінде джиптің джибі ғана жүреді бұл жақтың жолымен. Ал өздері атпен немесе көлден төтелей өтіп қайықпен қатынайды. Бір барғанда бір айға жетер азық-түліктерін әкеліп алады. Бұлар үшін алыс-жақын ауылдарға қыста барған қолайлы. Қар қалың болғанымен, көл бетіне мұз қатып, жол түседі.
…Көл жағасы иен жатыр. Аяңдай басып ауылдың бас жағына шықтық. Шеткері тұрған Саят есімді жігіттің үйі екен. Қожайыны ауыл сыртында жайылып жүрген сиырларын алып келуге кетіпті. Жайылып жүрген жеті-сегіз сауын сиырға көз қырын салып қоймаса түз тағылары көп көрінеді. Жер кең болғанымен, өргізіп мал асырайтындай екі үйдің жағдайы келе бермейді. Қажеті де шамалы. Саят Байбуровқа Күршімнен келген ағасы Самат көмектеседі әйтеуір. Ауылдың бұрынғысын көзімен көрген Самат кешегі мен бүгінгі ауылды салыстыра отырып әңгіме тиегін ағытты.
— Қазір бұл ауыл картада да жоқ шығар. Бұрын анау жыныстың арғы шеті де ауыл болатын. Жоғарғы Еловка, Төменгі Еловка болып екіге бөлінетін. Қазіргі жағдай осы. Өзің көріп отырсың, — деп ауылды көзбен бір шолып шықты. – Кеңес кезінде дүркіреген совхозы, ағаш цехы, балық фермасы жұмыс істеп тұрған. Мыңғырған малдан да түк қалмады. Жол болмаған соң, бәріміз көшіп-көшіп кеттік. Інімнің әзірше көшетін ойы жоқ. Атажұртымыз ғой. Әкеміз де осында туып, осында қайтыс болды, — дейді Самат Байбуров.
Сиырларын алдына салып, үйдің қожайыны да келді. Отқа қойған Ольга апайдың шайы да сақылдап қайнады. Қуыс үйден құр шықпадық.
Бастысы жетімсіреп жатқан ғажайып мекеннің іргесі бүтін болсын деп Катонқарағайға қайттық… Төр Алтайдың шағыл тасты шыңдарын жанай ұштық. Қаңыраған Қарағайлы бұлаққа биіктен тағы бір көз тастадым. Жасыл желекке оранып жатыр. Ал анау сарғайған дала – Қытайдың жері.
Мерей Қайнарұлы, photooner.kz
Шығыс Қазақстан облысы