Қазақ даласында түсірілген алғашқы фотосуреттер мен олардың авторлары

 Қазақ даласында түсірілген алғашқы фотосуреттер мен олардың авторлары

 Мейірбек Ерланұлы Тажкуранов,

«AMANAT» партиясы жастар қанатының «Жастар Рухы» ұйымының фотографы.

Қазақ   даласында      ең        алғашқы фотосурет осыдан 180 жыл бұрын Бөкей Ордасында түсірілді. 1841 жылы Жәңгір ханның бастамасымен Бөкей Ордасында мектеп ашылған болатын. Осы мектептің ашылуына орай Жәңгір хан     Ресейде           фотограф        алдыртып, мектепке қабылданған шәкірттермен бірге суретке түскен болады. Алайда ол фотографның аты-жөні, қайдан келгені бізге беймәлім. Оған қатысты толымды дерек әлі күнге дейін табылмай келеді. Заманында Бөкей Ордасында көптеген суреттер түсірілгені белгілі. Ол суреттердің көпшілігі Ресей (Қазақстанмен көршілес жатқан облыстар) архивтерінде сақталған. Алайда фотоның авторы, басқа да деректері жоқ болғандықтан, архивтерден іздеу қиындық туғызып отыр. Мәселен, Жәңгір ханның мына бір фотосуретінің авторы ретінде А.Муренко жазылған.

Интернеттегі деректерге сүйенсек, сурет авторы делінген Муренко Антон Степанович Саратов облысының тумасы екен. Ол 1837 жылы дүниеге келген. Ал Жәңгір хан 1845 дүниеден өткені белгілі. Жәңгір ханның мектебі ашылған кезде Муренко 8 жаста болған. 8 жасар баланың ханды суретке түсіруі мүмкін емес. Соған қарағанда А.Муренко бұл фотосуретті екінші қайтара дайындап басып шыққан адам болуы мүмкін. Яғни Саратов облысы Қазақстанның батыс өңірімен шекаралас болғандықтан, ханның ұрпақтары оған негативті апарып, қайта дайындатуы мүмкін. 1856 жылы А.Муренконы Орталық Азияға (Орынбор – Хиуа) бет алған арнайы ғылыми-тәжірбиелік экспедиция құрамында болған (Годы и люди. – Саратов, 1983). Осы экспедиция нәтижесінде «Альбом фотографических рисунков, исполненных во время путешествия в Хиву и Бухару» деген еңбек дайындаған. Осы еңбекте Муренко жаңадан түсірілген суреттерден бөлек бұрынғы негативтердің көшірмесін де жасаған. Бәлкім, осы кезде Жәңгір ханның суретінің көшірмесін жасаған болар. Алайда бұл тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.

Міне, осы секілді авторлары бізге беймәлім фотосуреттер көп. Алдымен сол фотосуреттердің авторларын табу қажет. Сол кезде іздестіру жұмыстары жеңілдей түсер еді. Өйткені бұл авторлар жалғыз бір суретпен шектеліп қалмағаны белгілі. Олардың жеке архивтерінен көптеген тарихи құнды фотосуреттер табылуы ғажап емес. Сол секілді мына бір суреттің астындағы түсініктемеге зер салсақ, И.С.Иванова деген автордың есімін анық оқуға болады. Бұл автор кім? Жәңгір ханды қай кезде, қай уақытта суретке түсірді? Осы секілді сұрақтарға жауап табу үшін алдымен фото авторын зерттеу керек. Сонда ғана тың суреттердің тарихына қанық болар едік. Тағы бір мәселе, фотосуреттердің кей мәліметтері қате беріліп келеді. Соның салдарынан теріс мағлұматтар тарап кеткен. Мына бір суретті алайық.

Көптеген басылымдарда бұл суреттегі адамдарды Жәңгір хан мен жұбайы Фатима ханым деп таныстырып жүр. Тіпті кейбір оқулықтарда осы сурет қате деректер бойынша басылды. Суреттің түпнұсқасына «Киргизский хан с женой» деп жазылған. Алайда фотосуреттің тарихы басқаша сөйлейді. Бұл фотосурет 18601865 жылдары Астрахан облысындағы Степан Вишневскийдің шеберханасында түсірілген. Яғни бұл сурет Жәңгір хан дүниеден өткеннен кейін 15 жылдан кейін түсірілген болып шығады. Демек суреттегі ер адамның Жәңгір хан болуы күмән тудырады. Әрине суретті көшіріп, кері бастыртуы да әбден мүмкін. деген ой туындауыда мүмкін. Бірақ мән беріп қарасақ, осы суретпен қатар сақталған басқа суреттердің бәрінің түсірілген жылы ұқсас. Степан Вишневский Орталық Азия халықтарының портретін түсіріп, жинақ дайындаған болатын. Бізде осы секілді авторы белгісіз қаншама суреттер бар. Егер бұл фотосуреттердің авторын тауып, ол авторлардың басқа да фотосуреттеріне қол жеткізсек, қазақ фотоөнері, жалпы қазақ тарихы үшін үлкен жетістік болар еді. Сондықтан көршілес елдердің архивтерін әлі де зерттей түссек, құнды қазынаға жолығарымыз анық.

Мақала «Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағынан» алынды.

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *