Тарихи фотосуреттегі-Абай бейнесі

 Тарихи фотосуреттегі-Абай бейнесі

«Қазақстан фотоөнері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дами бастады. Бірақ бұған дейін ішінара фотоға алғаш түсушілер қатарынан Жәңгір хан мен оның зайыбы Фатиманың (1840), Ш.Уәлихановтың (1847), Құнанбай мен оның кіші әйелінің (1853) есімдері белгілі. Бұл фотолар кезінде әртүрлі тарихи басылым беттерінде жарияланғаны белгілі. Фотоөнері Қазақстанға арнайы сапармен келген  Ресей және шет ел фотографтарының күшімен жергілікті тұрғындардың өмірі мен тұрмысын бейнеледі, жеке адамдар мен отбасылық портреттер түрінде өріс алды. Сол кезеңде Орынбор, Омбы, Семей сияқты қалаларда жекеменшік фотосалондар мен фотопавильондар жұмыс істеді.

Құнанбай мен оның кіші әйелі (1853)

Қазақтың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының атындағы мұражай қорындағы құндылығы аса жоғары дерекнама, халықтық жәдігерлер – ақынның фотосуреттері. Осы күні бізге Ибраһим Құнанбайұлының екі ғана фотосуреті жетіп отыр. Алғашқы тарихи фотография – ақынның ұлдарымен түскен отбасылық фотосуреті, екіншісі – өмірінің ақырғы кезеңінде түсірілген фотосурет. Алғашқы фотографияға Абай 1903 жылы өзінің жайлауы Жидебай аймағында түскен. Негізінен алғанда, екі тарихи фотосурет те ақынға қатысты зерттеу мақалаларымен қоса жарияланып, абайтанушылардың ізденісіне негіз болды, ғаламтор арқылы тарап, аудитория танылды. Зерттеу жұмысында қос фотографтың алғашқысын зерттеу –  көптеген шығармашылық ізденістерге жол ашып, деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өйткені Абай Құнанбайұлының алғашқы фотосуреті табылғанға дейін ақынның образдың, ойдағы көркем бейнесі сан-салалы болып келді, оқырман өз санасында Абай ақынның бейнесін өзінше сызды. Мұнымен қатар, тарихи құнды фотосуреттің мұрағат иегері – МұхтарОмарханұлы Әуезов.

Сонымен қатар аталмыш фототуындыны сирек қорға табыстаушы Абай жайында көлемді еңбектер жазған, оның шығармашылық әлемінің кеңінен насихатталуына мол үлес қосқан зерттеуші – Қайым Мұхамедханов. Ол фотосуретті қорға тапсырушы ғалым емес, Абай мұражайын ұйымдастырушылардың бірі. Зерттеуші ғалым Абай Құнанбайұлы атындағы мұражайда 1941-1947 жылдар арағында аға ғылыми қызметкер, ал 1941-1947 жылы музей директоры болып қызмет атқарған. Жазушы, зерттеуші Мұхтар Әуезовтің нұсқауымен мұражайды ғылыми-рухани ордаға айналдыруды көздеп, мұражай қорын толықтыруға байланысты көп еңбектенді. Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыстау еліне арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, Абай өміріне қатысты жинақталған мәліметтерді жеке архивінен, өзге мұрағат көздерінен іздеп, күллі халыққа танытты. Қазір мұражай қорында ескі басылымдар, құнды қолжазбалар, фотосуреттер өте көп. Деректерді тарқатсақ, өзіне Мұхтар Омарханұлы Әуезов сыйлаған абайдың алғашқы фотосуретін Қайым Мұхамедханов 1941 жылыдың алтыншы наурызында қорға тапсырған. Ғылыми қордың жәдігерлер мен құнды деректерді тіркеу кітабында жазылған ақпарат бойынша фотожәдігер «КП-454» фотосуреті, 1896 жылы Семей қаласындағы фотограф Н.Г. Кузнецовтың фотосалонында түсірілген.

2.1-cурет. Абай фотосының құжатнамасы

 Фотосуреттің көлемі: 9х13. Фотография жүзінен Абай Құнанбайұлы мен ұлдары Ақылбай Абайұлы мен Тұрағұл Абайұлдарын(Ділдәдан туған тұңғыш ұлы Ақылбай мен Әйгерімнен туған Тұрағұл) байқаймыз.

Суреттің өзіне тән тарихи сыры мен 120 жылдық ғұмыры бар. Туынды тек абайтанушылардың зерттеу нысаны емес, структурасында ақпараттық мәні басым антиквариат контент, хабарнамалық тарихи форма. Абай Құнанбайұлы фотоға түскен 1896 жылы 51 жаста болған. Фотосуреттен ғұламаның кемелденіп, ел басқарған, ағалық мінберге көтерілген азаматтық кескінін байқаймыз. Оның сұлбасын бейнелеген фотография болмысының биіктігінен, санасының сұңғылалығын аңғартып тұрғандай. 1893 жылы хәкім төртінші рет болыстыққа сайланды. Фото Абай ғұмырындағы болыс-билік дәуреннің нүктесін қойып, ел басқару ісінде толысып, біраз тәжірибе жинақтаған, ұрпағын білім мен ғылымға икемдеп, байтақ жұртқа, әкімшілік, қоғамдық қызметтерімен біршама танылған шағын бейнелейді. Фотожурналистика аспектілеріне сай, отбасылық фотосурет түсірудің өзіндік ақсүйектік мәдениеті мен бекзадалық мәнерін байқау қиын емес.

Сайып келгенде, тарих фотосуреттердің пайда болу үрдісі отбасылық ниеттен, бауырмалдық көңілден туындайды. Өйткені психологияның дәйектеуі бойынша өзінің мәнді-мағыналы отбасылық өмірінің ең жақсы сәттеріне түсіргісі келмейтін адам жоқ. Кәсіби маман жасаған сапалы отбасылық фотосурет отбасылық жәдігерлердің біріне айнала алады, тіпті ондаған жылдан кейін де естелік есебінде көңілге қуаныш сыйлай алады.

Кәсіби отбасылық фотосессия –  ұрпақ үшін, ұлт үшін сіздің отбасыңыз туралы тұтас естеліктерді сақтауға мүмкіндік береді, сонымен қатар фотосуреттердің жоғары сапасымен бағаланып, тарихи құндылық ретінде қалыптасады. Қос ұлымен суретке түскен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев мұны ертеден ұғынған. Оның жоғарғы азаматтық өресі, парасатты келбеті көрегендік қасиетімен ұштасып, келе күннің рухани азығы – «Абай және ұлдары» тарихи фотосуреттін дүниеге әкелді. Негізінен, отбасылық фотосессияларының түрлері іс-шараның өтетін жеріне байланысты түрленеді, барлық отбасы мүшелерінің қатысуымен фототүсірілімнің екі негізгі түрін бөліп қалауымызға болады.

  • Студиялық фотосессия;
  • Серуен-сейілдегі фотосессия(көшеде, саябақта және т.б.).

Абай Құнанбаевтың алғашқы фотосуреті студиялық фотосессия барысында түсірілген. Студияларда, әдетте, қойылымдық фотосессиялар өткізіледі, онда суретке түсіру кезінде фотограф қалай тұру және фотоұстанымдарды көрсетеді. Абайдың қос перзентімен түскен фотосуретінде қазақы қалып, ұлттық мінез бен әке мен бала арасындағы өзара сыйласымдылықты аңдау қиын емес. Студия ішіндегі фотосессияда әр түрлі декорацияларды қолданылады, шығармашылық және техникалық әдіс-тәсілдерге кеңінен басымдық беріледі. Отбасылық фотосуреттердің нұсқалары:

— пасторалдық стильде(ауыл өмірінің бейнесі);

— теңіз стилінде;

— зиялы отбасы рөлінде;

— гангстер(қылмыстық топ) және т. б. түрінде дайындалады. 1896 жылы Н.Г. Кузнецов түсірген фотографияға зиялы отбасы рөліндегі стиль тән. Себебі Абай ол шақта тоғыз баланың әкесі және сегіз немересі бар ақсақал еді. Кейін Абай Құнанбайұлының  трагедиялық ғұмыры басталды. 1895 жылдың 15 қарашасында туған-туыс, дос-жаран, отбасымен ауыр қазаны бастан кешті. Абайдың білімді, зиялы перзенті Әбдірахман небәрі жиырма жеті жасында қайтыс болады. Бұған дейін, бір жыл бұрын, қазақ классикалық әдебиетінің абызы сүйікті перзенті Әбіштен айырылғаны тарихтан аян. Бұған қоса, Әбдірахманның әйелі, Абайдың келіні –  Мағрипа Сүлейменқызы(1873-1896) қайғы-шерден қатты қиналып, бір жыл көлемінде дүние салғаны бар.

Жеке отбасыдағы трагедиялық жайттар, ел мен жердің, қазақтың жайы Абайдың жүрегін қатты сыздатты. Ақын түсінігіндегі қазаққа деген, перзенттеріне деген махаббат шексіз. Шексіз махаббатты көңілде қаттап, жүректе сақтап қалудың жолын ғұлама Абай Құнанбайұлы фотография сырларынан іздеді.  Ақынның осы кезеңі туралы М.О.Әуезов: «Әрине, бұл уақыттарда Абай терең, даналықпен толғайтын ақынның өзі болған. Сыртқы өмірдің у қосып тартып жатқан сыбағасы бар. Өз ішінде, қалыптанып толған сыншы ақылдың, бұны табынан ұзатып әкететін жалғыздығы бар. Оның үстіне, жанына сүйеніш санап, тіршілігіне жұбаныш қылған сүйікті жандарының өлімі бар. Осының бәрі жиналған соң бар сотқармен алысып жүрсе де, Абай өлеңді өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алған»,- деп жазады.

Тарихи фотосуретті ақын шығармашылығынан бөліп қарай алмаймыз. Абай 1895 жылы баласына жоқтау айтып, өз көңілін өлеңмен жұбатады. Өзге тілден өлеңдер жазып, аудармалар жасайды. «Өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алғандай» өлеңдер жазуды ақын келесі – 1896 жылы да жалғастырады. Адам тағдыры жайлы толғаныстарға толы «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген өлеңінде:

Күн жиылып ай болды, он екі – жыл,
Жыл жиылып, қартайтып қылғаны – бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл, –  деген жолдарды оқып, ақынның

жасы ұлғайғанын ойына алып, көңілі діншілдік наным, имандылық сезім арқылы жұбаныш табатынын аңдаймыз.  Шығармаларындағы адамгершілік, ар, намыс сияқты өзекті мәселерді «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» атты өлеңінде қозғайды да:

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті –
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, — деп түйіндейді.

Бұған қоса «Туғызған ата-ана жоқ», «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында», «Адамның кейбір кездері», «Көкала бұлт сөгіліп» дейтін философиялық тұжырымға толы өлеңдері мен «Рахымшалға», «Қатыны мен Масақбай», «Күйісбайға», «Дүйсенқұлға», «Разаққа» сияқты арнаулары дүниеге келеді. «Барлығын да өз жүрегіне түсінікті, өз халіне жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң-арманына тап келетін және өз қиялына үйлесетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады» (М.О.Әуезов) дегендей, М.Лермонтовтан «Ғашықтық іздеп тантыма», «Ой», «Қанжар», «Альбомға» атты тәржімалар жасайды. Ақын қаламынан осы жылы жиыны – 16 өлең туады. Ақын басынан өткен оқиғалар мен өлеңдерін тізіп отырғанымыз, «Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас» деп өзі айтқандай, фотосуретте Абай Құнанбайұлы өмірінің қайғы-мұңға және шығармашылыққа толы 1896 жылғы бір ғана сәті жақсы естелікке айналғандай. Фотосуретте сол жақта Абаймен бірге баласы Ақылбай тұр. Ақылбай Абайұлы Құнанбаев (1861-1904) – ақынның Ділдәдән туған, тұңғышы. Абайдың бәйбішесінен туған баласы – Ақылбайды Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным өзінен бала болмағандықтан, кішкене күнінен бауырына салады.

Абай Құнанбайұлының екінші фотосуреті 1903 жылы киіз үйдің ішінде түсірілген. Фотосуретте Абай және ұлдары Мағауия мен Тұрағұл, немерелері Пәкизат, Әубәкір, келіні Кәмәлия(Әубәкірдің әйелі) және әйелі Еркежан бейнеленген. Бұл фотосурет те музей қорына Мұхтар Әуезов арқылы 1959 жылы келіп түскен.

Екінші фотосурет – отбасылық фотографияның пасторалдық стилінде(ауыл өмірінің бейнесі) дайындалғанын байқаймыз. 1903 жылы Жидебай шатқалындағы киіз үйде Абай отбасымен бірге фотографияға түскен. Фотографияда Абай отбасы мүшелерінің арасында көшірмені Алматыдағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында орналасқан. Аталмыш фотосуретте оң жақта тұрған баласы Турағұл Құнанбаев (мұрағаттардағы кейбір деректерде Ибрагимов) (1875-1934) – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы. Жасында ауыл молласынан оқып, сауатын ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. Ақынның оқымысты балаларының бірі.

Абай ескерткішінің ашылу сәті. 1960 жыл.

 Талданған ақын фотосуреттерінің желісінде 1960 жылы Алматы қаласы, Абай алаңында ескерткіш бой көтерді. Ескерткіштің биіктігі – 13,7 метрді құрайды. Қазақ халқының дарынды мүсіншісі Х. Е. Наурызбаев қазақтың бас ақынының өмір өткелдерінен өтіп, толысқан, ел ағасы, халық қалаулысы болған шағындағы парасатты кескінін фотосуреттер негізінде мүсіндеген. Кейін сәулетші И. И. Белоцерковский де Абай Құнанбайұлының тасмүсінін мазмұн жағынан байыта түсті. Осылайша, тарихи фотосуреттердің арқасында ақыны мен хәкімін ұлықтаған ел Абай бейнесімен қайта қауышып отыр.

       Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің

4-курс студенті Жайна Тәттімбетованың

«ТАРИХИ ФОТОСУРЕТТЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУ ҮРДІСТЕРІ» 

атты диплом жұмысынан үзінді

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *