Бүгін қос фотографтың туған күні
Бүгін ардагер фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлы мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлының туған күні. Әріптестерімізді, қуанышты күндерімен шын жүректен құттықтаймыз. Шығармашылық табыстар тілейміз!
***
ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!
Қалиғұмар Қабдешұлы
1980 жылдардың басында қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ музейінің алғашқы құрылуына үлес қосқан, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың, сол жылдары университет ректоры болған Ө.А.Жолдасбековтың тарихи суреттерінің авторы, ардагер фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлы бүгін 80 жасқа толып отыр.
Қабдеш Қалиғұмар Қабдешұлы 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданында туған. 1992 жылдан еліміздің егемендігіне ат салысып, «Заң» газетінде фототілші қызметімен бірге өз шығармашылығын одан әрі дамытып келеді. Өзінің шығармашылық жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізді:
1969 жылы СССР журналистер Одағының мүшесі;
1983 жылы Халықаралық журналистер одағының мүшесі;
1975 жылдан республикалық, одақтық халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері;
1983 жылы Достық қоғамы арқылы ұйымастырылған түрлі-түсті көркем сурет көрмесімен Индияда, Цейлонда, Малдив мамлекетінде және Балгария, Румыния, Чехослования республикасында болып, қазақ халқының табиғаты мен еңбек ардагерлерін Европа мен Азия елдеріне таныстырды;
1985 жылы Москва қаласында өткен дүние жүзілік жастар фестивалінің дипломанты.
1992 жылы А. Әшімов қойған екі сериалды «Қозы-Көрпеш Баян-Сұлу» фильмінің фотосуреткері, М. Әуезов атындағы академиялық драма театры арқылы баспадан жарық көрген «СССР халық артистері» атты кітаптың және бірнеше спектакльдер бойынша жасалған үш кітапшаның, халық қаһарманы белгілі режиссер Ә. Мәмбетовтың авторлық кітабындағы фотосуреттердің авторы.
1988 жылы журналистер Одағының көркем сурет залында қойылған фотокөрмеге көрермендер ерекше баға берген.
1988 жылы 14 августа «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Туған өлке дидары» атты фотоочеркте былай деп жазылыпты: «Мұнда бәрі-бәрі бар. Жұлдызды қалашықтағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің музейі, көк тіреген Алматының ғимараттары… Кең байтақ республикамыздың ең әсем, ең сұлу табиғат саялары, кербез Көкше мен Алтай аясындағы Марқакөл. Есімі бүкіл әлемге әйгілі еңбек шамшырақтарының портреттері мен тәй -тәй басқан бөбек… Ғажап сол – көз жіберткен күйі шыға алмайсың. Кейбір суреттердің алдында ұзақ бөгеліңкіреп, өзіңе-өзің күбірлеуің де анық… Неткен тамаша!
Иә, сол кездегі Баспасөздер Үйінің фойесінде өткен Қалиғұмар Қабдешұлының фотокөрмесі араға жылдар салып 30 маусымда Өскемендегі Өнер музейінде қайта жалғасын таппақ…
***
Асылхан Әбдірайымұлы
Асылхан Әбдірайымұлы Абдраим, 1960 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірген. 1977-82 жылдар аралығында, Германияда әскери борыш өтеп,Ташкенттің гидромелиорация техникумын қызыл дипломмен бітірген. Одан соң Мәскеудің гидромелиорация институтының 1 курсынан соң, отбасы жағдайына байланысты Алматыға ҚазМУ –ға ауысқан.
1988 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1985-2017 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясында оператордың ассистенті, республикалық «Атамекен»,«Заң »,«Жас Алаш» газеттерінде, «Қазақстан әйелдері»,«Парасат» журналы ,«Жеті жарғы» баспасында фототілшілік қызметтерін атқарған.
Қазіргі таңда «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің төрағасы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің аға оқытушысы.
- 2006 жылы Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
- 2007 жылы ҚР Журналистика Академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері.
- 2013 ж. «ФОТОЖУРНАЛИСТИКА» оқу құралының авторы. «Қазақ университеті» баспасы, Алматы.
- 2013 ж. «Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері» фотоальбом. «Өнер» баспасы. Алматы.
- 2017 ж. «Ғасырдың көзі» фотокітабының құрастырушысы. «Мереке» баспасы.Алматы.
- 2018 ж. «Қазақ фотошежірешілері» фотоэнциклопедиясының құрастырушы-авторы. «Қазақ университеті» баспасы. Алматы.