Бүркітке барлау
Көрінген таудың алыстығы жоқ деп Топқайыңның тұсынан бес атты жігіт Бүркіт шыңын маңдайға алғанбыз. Биігіне шықпасақ та жолын көріп қайтсақ жарар еді. Тау мінезін жақсы білетін Бақтияр жол бастады. Біз межелеген шың бір қарағанда, қас пен қабақтың арасындай болғанмен, етегіне дейін бес сағат жүрдік.
Сарной шатқалындағы жалғыз аяқ соқпақпен өрледік. Сайдың ішімен сарқырап Бүркіт өзені ағып жатыр.
Күн екінтіге таяғанда Сарной шатқалын, Сағымбай сайын артқа тастап Қырық құдыққа жеттік. Ашық алаңқай. Алаңқайдың қақ ортасында бас жағын найзағай ұшырып кеткен қарағай тұр. Осы тұста аттың терін басып, сәл аялдадық.
Бақтияр қалың жыныстың ішінде жайылып жүрген жылқыларын алаңқайдағы суатқа қуып түсірді.
Атты сипай қамшылап келеміз. Етекте Катонқарағай ауылы жатыр. Мұзтаудың сәлдесін бұлт басып тұр.
— Сарыалқамыз осы, — деді Алмас Сарбасов қамшысымен төңіректі нұсқап. — Осыдан ары асқанда Сарыалқа көлі.
Бүркіттің биігінен көз ала алмай келе жатырмын. Неткен сұлулық?! Биіктігі теңіз деңгейінен 3373 метр. Алтай тау сілемдері ішіндегі Мұзтаудан кейін биік шың. Құдай-ау, биігіне шығар болса, анау шапшыма шыңға қалай өрмелейміз деп қоямын іштей.
Мұнар тауға, мұзарт шыңға құмар жазушы — Әлібек Асқаров пен Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов төбесіне жүз елу метрдей жетпей, кері қайтқан көрінеді. Әлібек ағаның айтуынша, ең басына артынып-тартынып шықпаса, жүрдім-бардым шыға салатын шың емес екен.
Сарыалқаға жетіп аттан түстік. Алмас ағаштан мосы орнатып, астына лапылдатып от жақты. Сарқыраған өзеннің суынан шәй қайнаттық.
— Қырық құдықтың арғы жағында, Ұңғы деген жер бар. Кезінде шахта болған дейді үлкендер. Сонымен жайлауға асып түскенде Балуан тас жатыр, — деп Бақтияр шәй үстінде тереңнен әңгіме қозғады.
– Оны ерте кезде Төпен деген кісі кеудесіне дейін көтеріпті. Кейін ол тасты ешкім көтере алмаған. Бертін ғана сол кісінің немересі кіндік тұсына дейін әкеліпті. Ал кейінгі ұрпақтары жайлауға барғанда бабаларынан қалған балуан тасты орнынан қозғап ғана кетеді екен.
«Жасында байқары болмаса, қартайғанда айтары болмайды» деуші ме еді?! Бақтиярдың байқары көп сияқты.
Бір белден асқанда айнадай көл көрінді. Сарыалқа көлі. Діттеген жеріміз осы болатын. Жолбастаушымыздың айтуынша, алған беттен қайтпасақ, қорым тастарды басып өтіп, Бүркіттің биігіне шығуға болатын сияқты. Ол сапар енді уақыт еншісінде. Көлге беті-қолымызды шайып кері қайттық.
Топқайыңның іргесімен ағып, Күлмеске қосылатын Бүркіт өзені осы тұстан басталса керек.
Кері қайтқанда Аралбайдағы альпинисттердің үйіне түстік. Альпинист демекші, баяғыда-оу бір топ альпинист Бүркіттің биігіне екі күн жүріп, өрмелеп шықса, арғы бетінде бір шал қой жайып отыр екен. Сөйтсе шыңның оң түстік жағы жадағай сияқты.
Ағаш үйдің ауласына дастархан жайып, тағы шәй қайнаттық.
– Бүркіттің биігіне шығатын болсақ, осы үйде бір түнеп алуға болады, — екен дейді Дәулет.
Фоторепортажды әзірлеген — Мерей Қайнарұлы, photooner.kz