Бақытхан Әсетұлы: Әр суретті жауапкершілікпен түсіруге тырысамын
— Бақытхан, туып-өскен жеріңіз туралы әңгімелеп берсеңіз.
— Мен 1971 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі, Алтай аймағы, Көктоғай ауданының Қаратүңке ауылында тудым. Қазір осы аудан орталығы — Қу Ертіс қалашығында тұрамын. Мал шаруашылығы саласында техник болып қызмет атқарамын. Кезінде Іле облысының ауыл шаруашылығы машиналары мектебін тәмамдағанмын. Бүгінгі қуанышты күні бірінші кезекте мені 12 мүшемді сау қылып, өмірге әкелген, азамат етіп өсірген марқұм анамды еске аламын. Рухына тағзым етемін.
— Бақытхан, «фото-сын» байқауына қанша сурет жіберіп едіңіз?
— Мен бұл байқауға әр түрлі жанрда 200-ге тарта фотосурет жібердім.
— Жалпы, фотоға түсіру өнерімен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?
— Фотомен 1998 жылдан бастап әуестене бастадым.
— Бұл өнерге деген құмарлығыңыз неден басталды?
— Фотосурет менің кәсібім емес, әуестігім. Менің шынайы сұлулыққа деген құштарлығым фотограф болуыма ықпал етті десем болады. Енді, менің туған жерім Алтай аймағы ғой. Ертіс өзені осы Алтай тау сілемдерінен бастау алады. Мен осы өзеннің қайнар бастауында тұрамын. Табиғатының сұлулығын айтып жеткізу қиын. Біздің Алтай аймағында Ертіске 17 өзен келіп құйылады. Өзеннің екі жағалауы да жаныңды жадыратар, жүрегіңді толқытар әсем көріністерге тұнып тұр. Сол сұлулыққа деген құштарлық қолыма фотаппарат алғызды. Содан, бірте-бірте үйрене бастадым.
— Ұстаздарыңыз бар ма?
— Бар әрине. Алтай аймақтық фотосурет қоғамы басшыларының бірі Серік Мұқышұлы, «Шыңжаң фотосуреті» деген журналдың редакторы Серік Нұрлыбай деген ағаларымнан көп тәлім алдым. Оларға шексіз ризамын. Алматыдағы Асылхан Әбдірайым аға да менің аяулы ұстазым. Ол кісі Алтай аймағына келгенде бізге көп дәріс оқыған.
— Бақытхан, қандай фотоаппарат жаныңызға жақын, сандық фотоаппарат па әлде бұрынғы ленталық фотоаппарат па?
— Әрине, бұрынғы «қара қағаз», яғни ленталық фотоаппарат жаныңа жақын ғой, ыстық көрінеді. Онда, қағазды үнемдеу үшін, «обал болмасыншы» деп, әр суретті өте мұқият түсіруге тырысасың. Бірақ, теңшеу жолдарын білсеңіз, сандық фотоаппарат та көңіліңіздегідей етіп түсіріп бере алады.
— Түсірген фотосуреттеріңізді газет-журналдарға жіберіп тұрасыз ба?
— Иә, «Шыңжаң фотосуреті» журналына және басқа да газет-журналдарға ара-тұра өз еркіммен жіберіп тұрамын. Кейде олар өздері хабарласып, тапсырыс беріп тұрады. Жұмысыма лайықты қаламақы да алып тұрамын. Суреттерім шыққан кезде қуанып, марқайып қаламын.
— Бақытхан, қазір мұрағатыңызда қанша сурет бар?
— Оларды енді нақты санап көрген жоқпын. Бірақ, қорымда 10 мыңның көлемінде сурет бар деп ойлаймын.
— Негізі қай жанрда жұмыс істейсіз?
— Негізі шынайы табиғат көріністерін қаз-қалпында түсіргенді ұнатамын. Екіншіден, осы Алтай аймағында өмір сүріп жатқан қазақ ұлтының күнделікті тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін де суретке басқым келеді. Қазір осы бағытта көп ізденіп жатырмын. Өйткені, бұл кейінгі ұрпағымызға шынайы тарих болып қалатын дүниелер ғой.
— Отбасыңыз, бұл әуестігіңізге қалай қарайды?
— Өмірлік жарым Жаңагүл мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым Қуандық 16 жаста, ал қызым Ұлпан 12 жаста. Әрине, жан жарым қолдамаса, мен мұндай биікке көтерілмес едім. Қандай аппарат сатып алу қажет болса да қолдау көрсетеді. Түсірілімге шыққанда «үйім, жұмысым, бала-шағам не болып жатыр?» — деп алаңдамаймын. Бұл үшін әйеліме ризамын.
— Түсірілім дегенде алыс сапарларға шығып тұрасыз ба?
— Фотоға түсіру, әрине түймесін баса салып түсіре салатын дүние емес. Оның астарында терең мән-мағына жатуы керек. Сондықтан, әр суретті жауапкершілікпен, жан-жақты ойластырып, көркемдігіне, тарихи құндылығына көңіл бөліп түсіруге тырысамын. Мен сапарға әйтеуір шыға бермеймін. Ауа-райын болжап, тыңғылықты дайындалып шығамын. Табиғат аясында, тауда бір аптадан астам уақыт жүріп қалатын кездерім болады. Үстіртте, 53 градус суықта түсірген фотосуреттерім бар. Әрине, тоңасың, қиналасың, кейде дауылға тап боласың немесе жауын-шашынның астында қаласың. Яғни, әр суреттің арғы жағында үлкен еңбек жатыр. Бірақ, өз ісіңді сүйе білсең, қиындығын ұмытып кетесің. Сонда еңбегің де шынайы, жарқын, жемісті бола түседі.
— Әңгімеңізге рақмет.
Қазақпарат