Еліміздің аспаны – сенімді қолда!

 Еліміздің аспаны – сенімді қолда!

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Балқаш гарнизонындағы еліміздің Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 53898 әскери бөлімінің авиациялық оқу-жаттығу орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне 31 жыл толу және 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс күніне 78 жыл толуына арналған салтанатты жиын болып өтті. Аталған іс-шара барысында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған Ашық есік күні ұйымдастырылып, көп жылдар бойы әскери бөлімде қызмет еткен әскери зейнеткерлерге құрмет көрсетілді.

Алдымен мерекелік салтанатты жиын ашық деп жарияланып, әуелеткен ән ырғағымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Салтанатты жиында 53898 әскери бөлімінің командирі полковник Асанов Азамат Нурумович, Балқаш қаласының әкімі Камзин Қайрат Амангелдіұлы және әскери зейнеткер, запастағы майор Хведченя Владимир Васильевич құттықтау сөз сөйледі. Жеке құрам алдында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында көп жылдар қызмет етіп еңбек сіңірген және жауынгерлік даярлықтағы үздік танылған бірқатар әскери қызметшілерге төсбелгі марапаттары салтанатты түрде табыс етілді.

Жиын барысында ұйымдастырылған Ашық есік күнінде әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері ашық алаңда орналасқан әскери үшақтар, әскери тікұшақтарды және әскери қару-жарақтарды өз көздерімен көріп, қызықтап тамашалады. Іс шараға әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелерінен бөлек, Балқаш қаласының білім ошақтарында білім алып жүрген мектеп оқушылары да тартылды. Ел келешегі өскелең ұрпақ үшін арнайы ойын түрлері ұйымдастырылып, әскери далалық асханада дайындалған ыстық тағам үлестірілді. Сонымен қатар, салтанатты іс шараға арнайы шақырылған еліміздің Әуе қорғаныс күштерінің қатарынан зейнеткерлікке шыққан әскери зейнеткерлерге құрмет көрсетіліп, арнайы сарбаз тағамынан дайындалған мерекелік дастархан жайылды.

Мерекелік іс-шаралар соңы концерттік бағдарламаға ұласып, барлық қатысушылар естелік фотосуретке түсті.

Думан Құрманғалиев,

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы,

лейтенант

Суреттерді түсірген автор

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *