Фотоөнер майталманы дәріс оқыды
Қазақстанда алғаш рет республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультеті мен National Geographic Qazaqstan журналының қолдауымен танымал, әлемдік 10 үздік фотографтың бірі Серік Мұқышұлының «Деректі фото» курсы басталды. Курс төрт кезеңді қамтиды, бұл жылдың төрт мезгілі. Сондықтан деректі фото курсы бір жыл көлемінде жүргізіледі.
Еліміздің БАҚ саласындағы кәсіби фотожурналистері бастамасымен 2010 жылы құрылған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі биыл 13 жасқа, яғни алғашқы мүшел жасқа толып отыр. Бірлестіктің жалпы жиналысының шешімімен биыл Қазақстандағы алғашқы «Деректі фото» курсы жобасы қолға алынды. Мақсаты – әлемдік деңгейдегі «Деректі фото» маманын даярлау.
Курс жетекшісі Серік Мұқышұлы жобаның концепциясы, оқыту жоспарын іріктелген қатысушыларға ұсынды. Шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналис-тика факультетінде факультет деканы Нұржан Қуантайұлы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы, курс жетекшісі Серік Мұқышұлы және БАҚ өкілдері, ғалымдар, студенттер қатысты.
–Деректі фотоға бір сөзбен анықтама беру қиын. Оның ақпараттық фотомен ұқсайтын жері шынайы болуында, суретті жөңдеуге, өзгертіп, түрлендіруге жол берілмейтіндігі. Екінші ерекшелігі–тарихи маңызы, құндылығы болуымен ерекшеленеді. Үшінші талабы – оқиғаны баяндай алуы керек. Бірақ осы жұмыс барысында фотографиялық өлшем талабы да сақталуы тиіс. Ал фотосуретшіде эстетикалық білімі, фотография туралы, фотографияның әлемдік тарихы туралы түсінігі болуы да шарт.
Деректі фото үш белестен асты. Оның біріншісі бір ғасыр бұрын пайда болған дәстүрлі деректі фото, екіншісі 60 жылдардағы жаңа деректі фото, үшінші белесі 90 жылдың соңынан қазірге дейінгі уақыттағы заманауи деректі фото.
Ең алғашқы деректі фотода артық талап қойылмады, тек дұрыс баяндау жеткілікті болатын. Жаңа деректі фотоға келгенде шығармада философиялық ойдың болуы құпталды. Бір нәрсені нақты айтпай, астыртын идеямен жеткізу тәсілі қолданыла бастады. Бейнелеу тәсілі-поэзиялық тәсілге ауысты. Мұнда шығарма поэтикалық әдемі сезім береді. Сосын адамда лирикалық сезім пайда болады. Осыдан барып деректі фотоның тұлғасы қалыптасады. Бертін келе, замануи деректі фотоның қалыптасуындағы талаптары тіпті де ауырлап кетті. Өйткені, 60 жылдан кейін деректі фотоның табиғаты сәл өзгеріске ұшырады. Бұрынғысы халық, ел жағдайында болып жатқан оқиғаны баяндайтын, ал 60 жылдан кейінгі жаңа деректі фото өзгерді, құдды басқа өнер секілді.
Модернизм-объективтілікті емес, субьективтілікті дәріптейді. Яғни қоғамдық ортада болып жатқанды айтпайды, тек қана өзінің сезімін айтады, мінезін білдіреді. Жаңа деректі фотодан бастап осындай үрдіс пайда болды. Ал замануи деректі фото тағы да бір баспалдаққа жоғарылады. Өзінің ойын терең философиялық оймен жеткізетін дәрежеге шықты. Осы кезеңде деректі фотосурет түсіретін маманға қойылатын талап барған сайын ұлғайып келеді. Мұны түсінетін кісіге де үлкен білім керек болды. Жалпы осылай дамып бара жатыр. Біздің де курсымызға қатысушылар бірінші, екінші, үшінші баспалдақтарға ақырын-ақырын шығатын болады, – дейді Серік Мұқышұлы.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Фото: Мейірбек Тажкуранов, Серікболсын Шері, Досжан Балабекұлы