Фотография: Жарық және оның түрлері
Түсірілетін нысана жарықпен жеткілікті қамтамасыз етілсе, оны түсіру оңайға соғып, ұсталымды (выдержка) азайтуға мүмкіндік туады. Бірақ мәселе жарықтың мөлшерінде емес, ең бастысы оның бағытында. Суреттегі заттардың пішіні, көлемі, фактурасы жарыққа байланысты. Ауа кеңістігінің берілуі мен перспективасы жарықтың арқасында жүзеге асады. Кез келген қол шамды алып, кішігірім, нысанаға жарықты әртүрлі нүктеден берсеңіз, оның түр – түсінің қалай өзгеретінін көресіз. Жасанды және табиғи жарықпен түсірілген түсірілiмнің техникаларының айымашылықтары бар (2).
Жасанды жарық
Тек қана екі шамның көмегімен көптеген жарық комбинацияларын алуға болады. Жарықпен жұмыс – фотографияны ең қызықты саласы. Оның арқасында сіз тәжірибе жүргізіп, өз шығармашылығыңызды шыңдай аласыз. Бағытталған жарық пен жұмсақ жарықты қосу арқылы бұрын болмаған жаңалықтар ашуға болады. Фотографқа жарықты дұрыс пайдаланудан бөлек, суретшілік қасиеттер де керек.
Бір ғана жарық көзі қатысқан фототүсірілімнің жақсы шығуы өте сирек. Мұндай сәттерде жарықты жұмсарту қажет. Ол үшін жарықтың алдына жұқа ақ мата немесе ақ қағаз қою керек. Әрине, жарықты «Фотошоп» бағдарламасымен де жақсартуға болады, алайда, түсірілімге өз қолыңызбен жақсы жағдай дайындасаңыз, көп кадр жасай аласыз және бағдарламаға уақыт кетірмейсіз.
Өте қатты жарықты жұмсарту үшін оны ақ қабырғаға бағыттау қажет.
Қосымша жарықты алудың тағы бір түрі – ақ қағаз. Қағазды түсіріліп жатқан нысанның шетіне қойсаңыз, жарық жұмсарып шыға келеді. Бірақ жасанды жарыққа ең дұрысы екі шамды пайдалану болып табылады, яғни сіз бірінші шамды бағыттауға, ал екінші шамды жұмсартуға пайдалана аласыз.
Жұмсақ жарық түсірілімдегі барлық кеңістікті жұмсартады. Ол нысанның нобайларын бұлыңғырлайды, соның нәтижесінде суреттегі анықтылық (контрастность) төмен болады. Жұмсақ жарық ешқандай элементтерді бөліп шығармайды.
Ал, бағытталған жарық өте анық әрі терең болады. Алайда екі жарық өз бетінше ешқашан қолданылмайды (3).
Табиғи жарық
Бөлмедегі түсірілім қиын болғандықтан, оған көп дайындық керек, сондықтан ең алдымен, табиғи жарықты пайдалануды үйренген абзал. Табиғи жарық уақыт пен ауа райына байланысты. Бұлтты күндері жарық жұмсақ, ал ашық күндері өте анық әрі өткір болып келеді. Бұлтты күндері жарықтың тек ашықтылығы өзгерсе, ашық күндері оның бағыты да өзгереді. Жазда күн көкжиектен 90º C жоғары орналасқандықтан, жердегі нысандардың көлеңкесі жоғалады. Бұл түсірілім үшін ең қолайсыз кезең. Көлеңкелер фото салу күн шуағы жарықты заттың тіке алдынан берген кезде де жоғалады. Күн батарда және шығарда заттардың ұзын көлеңкелері айқын көрінеді, сондықтан сурет нәтижелі болып шығады. Жарыққа қарсы түсірілген суреттерде нысандардың сұлбасы ғана көрінеді. Осындай жарық кезінде фотомодель көзін жұмып қалмайды, алайда, аталған суретті түсіру үшін мол тәжірибе қажет.
Жарықтың бағыты – күннің орналасуының жалғыз ерекшелігі емес. Күні бойы жарықтың спектрлік құрамы да өзгереді. Бұған ауа молекулалары себеп болып табылады. Мысалы, күн көкжиектен төмен орналасқанда оның сәулелері атмосферада ұзақ қашықтыққа барады, ал күн төбеде тұрғанда олардың ұзындығы қысқа болып, көк түсті сәулелер көп мөлшерде ауада сақталады (1).
Бақылау сұрақтары:
1.Фотожурналистикадағы жарық дегеніміз не?
2.Жарықтың түрлері?
3.Ракурс таңдауда күннен түскен жарықтың рөлі қандай?
4.Жасанды және табиғи жарық: жарық таңдаудағы ерекшеліктер?
Пайдаланылған әдебиеттер
- Килпатрик Д. Свет и Освещение . М.: Мир, 1998.
- Тілекметов Б., Жидебаев Ә. Фотосурет түсіруді үйрен. Алматы, 1962.
- Лэнгфорд М. Теория и практика фотографии, формат chm. М.:2004
- Фото: https://cameralabs.org
P.S. Материал Асылхан Әбдірайымнның «Фотожурналистика»
оқу құралының мәтіні негізінде дайындалған.
Барлық құқықтар қорғалған. photooner.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз