Фотожурналистикаға қойылатын шығармашылық талаптар мен кәсіби шеберлік
Фотожурналистика Қазақстандағы кейіннен пайда болған жас өнердің бірі. Сондықтан да фотожурналистиканың қыр-сырын ашу, оның жанрларын ажырату, жаңа жаңалықтарын жария ету, журналистика саласымен бірге дамуындағы ерекшеліктері мен ұқсастықтары секілді мәселелерді қарастыру әлі де өзекті болып қала бермек. Баспасөз беттерінде жарияланып жататын суреттердің тарихы да, айтар ойы да, көздеген мақсаты әр түрлі болып келеді. Фотоның баспасөз арасынан орын тебуі өте орынды, себебі фотожурналистика өзіне керекті тақырыпқа сай объект іздейді және оны дәл табиғи етіп көрсете алады. Ақпарат беру ерекшелігімен дараланатын фотожурналистика ғылымы тәуелсіз Қазақстан журналистикасының аса маңызды бөлігі болып дами береді.
Қазіргі журналистика саласын фототілші маманынсыз елестету қиын. Фотожурналистика – Қазақстанда өте кеш дамыған, әлі толық зерттелмей келе жатқан өнердің бірі. Бұл – баспасөзде өзінің ақпарат беру ерекшелігімен, дер кезінде қағаз бетіне түсіріп, халыққа ұсыну мүмкіндігімен орны бөлек жанр. Сондықтан да фотожурналистиканың қыр-сырын ашу, жанр түрлерін ажырату, жаңа жаңалықтарын жария ету, бір-бірімен ерекшелігі мен ұқсастықтары секілді мәселелерді зерттеу әлі де өзекті болып қала бермек.
Фотография адам өмірін әрі мәнді, әрі сәнді етуге ықпал ететін жаңалықтардың бірі ретінде 1839 жылы ашылды. Осы жылы 7 қаңтарда Париж Ғылым академиясының ғылыми хатшысы Доминик Француа Араго кезекті мәжілісте француз өнертапқышы Л. Дагер ашқан «Камера обскура» («Қара қобдиша») туралы мәлімдеме жасайды. Бұл артқы қабырғасының ішкі жағына иодталған қалайы табақша орнатылған, сол арқылы алдыңғы саңылауынан жарық түсіру арқылы заттың бет-бейнесін алуға және оны сынап буына ұстаудың көмегімен сақтауға болатынын жария етті. Сондықтан бұл күн ресми түрде фотографияның дүниеге келген күні болып тарихта қалады. Француз өнертапқышы Л.Дагердің осы жаңалығы тез арада Еуропадан Ресейге, одан қазақ еліне жетеді.
ХІХ ғасыр поэзиясында өзіндік орнын ойып тұрып алған ірі ақын Шәңгерей Бөкеевтің түсірген суреттері қазақ фотоөнеріндегі алғашқы қарлығаш болуымен құнды. Бұған қоса бұл хан ұрпағы қазақтың сол кездегі бетке ұстар белгілі тұлғаларының көбін суретке түсіріп алып, фотошежіре жасап кетуімен де өлмес мұра қалдырды. «1841 жылдың 6 желтоқсанында Ордада «Жәңгір мектебінің» ашылу салтанатына Жәңгір хан Ресейден арнайы фотограф шақыртып, осы мектепке алғаш қабылданған оқушылардың ортасында отырып түскен суреті тарихтан белгілі» [1, 5]. Арада елу жылдан астам уақыт өткенде, яғни 1901 жылы Бөкей ордасының жүз жылдық мерейтойына орай Петерборда болған салтанатында ІІ Николай патшадан фотоаппарат және оның құрал-саймандарын қоса сыйға алған Шәңгерей Бөкеев тез арада фото түсіру өнерін меңгеріп, сапалы суреттерді шығаруды үйренді. Қазіргідей тұрақты энергия қуаты жоқ, табиғи жарық күшіне сүйенген уақытта әрі дала жағдайында сурет басып шығару өте қиын болғанын түсінеміз. Шәңгерей түсірген фотолардың бізге жеткені он шақты болғанмен, олардың бәрі де химиялық талаптар дәл орындалғандықтан әрі сапалы, қалың ақ қағазға көшірілгендіктен ғасырлар өтсе де, сапасын жоймаған. Оның түсірген суреттері – Жазғы Орда, Қымыз Орда, Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Ғұмар Қараш, Ғабдол-Хакім Бөкейханов сияқты біртуарлар мен Мақар Жапарұлы секілді өнер тарланының ардақты бейнелері мұрағаттарда сақталған [1, 63]. Ш.Бөкеевті қазақтың алғашқы фотографы деп атауға негіз бар. Одан кейін фотографиямен Әліби Жангелдин шұғылданған. Бірақ, оның көп еңбегі сақталмаған. Сол секілді Абайдың, Шоқанның, Құнанбайдың, Шәкәрімнің, басқа да ірі тұлғалардың тарихта қалған бейнелері аты белгілі, белгісіз жанкешті фотографтардың еңбектері арқылы мәлім болған. Тарихқа көз салсақ, ең алғашқы әскери фоторепортаж Қырым соғысынан берілген екен. 1855 жылы ағылшын фотографы Роджер Фентон Қырым соғысына барып, түсірілімдер жасаған. Сол соғыс даласында түсірілген 300-дей сурет қазір Англияда сақтаулы [2].
«Егемен Қазақстан» газетінің осыдан он жылдай бұрынғы шығарылымында бір қызықты мәлімет жарияланған. Газеттің 2004 жылғы 4-тамызындағы санында Жұмағали Арғынбаевтың «Отыз фотоаппараты бар маман» деген мақаласы жарияланады [3]. Мұнда елу бес жастағы Қостанайлық фотограф Борис Тимошенко туралы сыр шертілген екен. Ол алты жасынан бастап суретке түсіре бастаған. Содан бері жарты ғасырға тақау уақыт өтсе де, оның осы бір өнерге деген сүйіспеншілігі азаймаған. Уақыт өткен сайын тәжірибесі байи түсіп, өз кәсібіне қатысты жаңа құрал-жабдықтарының түрлерін де меңгере білген. Ол басқаратын «БИ и С» фотостудиясы бүгінде Қостанай тұрғындарына жақсы танымал. Ол – үздік фотограф қана емес, өз мамандығына байланысты құрал-жабдықтарды және қолына түскен фотоаппараттарды жинап жүретін тамаша коллекционер. Облыстық шығармашылық үйінде оның коллекциясындағы дүниелердің көрмесі ұйымдастырылады. Онда қойылған отыз түрлі фотоаппарат суретке түсіру өнерінің даму тарихынан мол хабар берді. Мысалы, «ФТ – 2 индустар», «Спутник», «Любител-2», «Агат», «Искра», «Москва», «Смена», «Киев», «ФЭД», «Зенит» фотоаппараттары өткен ғасырдың әр тұсында шығарылған. 1847 жылдан бастап шығарыла бастаған сырнайша созылатын шағындау бір жәшікке ұқсайтын Обcкур f камерасы жұрттың назарын аудартпай қоймайды. Американың да, Жапонияның да фотоаппараттары кездеседі. Мұндай фотоаппараттар коллекциясын жинау кез келген адамның қолынан келе бермесі анық. Осылайша Қазақстан өз фото өнерімен фотожурналистика саласында еш елден кем еместігін осылай дәлелдей алады. Бұдан басқа да ауыз толтырып айтар танымал, шебер фотожурналистер қазақ журналистикасының шығар биігін көрсете білді деуге болады. 1932 жылдың 9 мамырында газет-журналдардың штаттық кестесіне фототілші мамандығы енгізілгеннен бастап, фотожурналистиканың маңыздылығы арта түсті. Ұлы Отан соғысы жылдары тоқтап қалған бұл сала елуінші жылдары қайта жанданады. Осы кездердегі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде тәлім алған тамаша шәкірттер фотожурналистиканың дамуына ерен еңбек сіңіреді. Р.Дүйсенғалиев, С.Ақпанбетов, Б.Тілекметов, Н.Жұбанов секілді фототілшілердің қатарына көп ұзамай Қ.Мұстафин, С.Пернебаев, Ж.Бозымбеков, Ж.Пайызов, т.б. журналистер қосылады[1, 8]. Мысалы, соғыс ардагері, қазақ фотожурналистикасына еңбегі сіңген фототілші Рысқали Дүйсенғалиев фотоаппарат ұстап, суретке түсіру өнерімен жарты ғасырдан астам айналысқан. ТМД елдері мен шетелдік байқауларда көптеген жүлделерге ие болған Рысқали ағаны қазақ фотожурналистикасының негізін салушылардың бірі десек те артық айтқандық емес. Ол өзінің қарапайым фотаппаратымен қаншама фотобейнелер мен көріністерді өмірге әкелген.
Отандық фотожурналистиканың бүгінгі жай-күйі жайлы ардагер фототілші Нұрманбет Қизатұлы былай дейді: «Қазір оқырман сапалы суретке сусап отыр. Әдемі түсірілген, терең мәні бар сурет бір мақаладан еш кем түспейді. Қазір, Құдайға шүкір, не түсіремін десең де, ешкім қолыңнан қақпайды. Кезінде шопанды қасындағы итімен бірге суретке түсіріп, газетке бергенім үшін дау-дамай шыққан болатын. Сондағы маған айтқандары – «Коммунистік партияның газетіне неге иттің суретін басасың?» Апыр-ау, ит – қайта шопанның күні-түні қасында жүретін сенімді серігі ғой. Осындай таяз адамдар да кездесті кезінде. Қазір ондай сауатсыздық жоқ. Идея еркіндігі бар» [3]. Баспасөз беттерінде жарияланып жататын суреттердің тарихы да, айтар ойы да, көздеген мақсаты әр түрлі болып келеді. «Бір ғана фотосурет он мың сөзді ауыстыра алады, егер ол он сөзбен жарияланса ғана» [4, 21] дейді Эдворд Стейхен.
Фотожурналистика жанрлары туралы мәліметтер нақты деп айтуға болмайды. Осыдан жиырма жылдай бұрын фотожурналистикада екі жанр бар деп санаған: ақпараттық және публицистикалық. Біріншісі – фотоайғақ, күнделікті жаңалықтарды баяндайтын фоторепортаждар. Ал публицистикалыққа фотоочерк, фотоколлаждар жатады. Ал қазіргі уақытта фотографияның жанрларына негізінен алғанда: «портрет, пейзаж, архитектуралық (сәулеттік) түсірілімдер, жанрлық фотография (тақырыптары: балалар, спорт, жануарлар, т.б.), фоторепортаж сияқты түрлерге бөлінеді. Алайда фотография өнерінің жанрларын осылармен ғана шектеуге әсте болмайды. Мәселен, қазіргі кезде ғылыми фотография, ғарыштық фотографиялар кең етек жайған. Сонымен қатар, кей кездерде аталған жанрлардың өзара астасып, бір-біріне сіңісіп кететінін де ескеру керек. Мысалы, қалалық пейзажда сәулет пен табиғат көріністері ұштасып жатады» [1, 35] деп түсіндіреді белгілі фотожурналист А.Әбдірайымұлы. Репортажды қарастырғанда көптеген фотожурналист, фоторепортерлердің жұмысына терең үңілуді қажет етті. Қазіргі кезде фотохабар үш түрге бөлінеді. Олар: түсіндірмесіз, түсіндірмелі және кең көлемді фотохабар деп аталады [1]. Оқушы газет, журнал беттерінің қоғамдық мәні бар жаңалықты фотосуреттер арқылы көре алады.
Ендігі жерде тағы да қоғам өмірімен, соның ішінде қоғамның бір мүшесі – жеке тұлғамен тығыз байланысты жүретін жанр түріне фотоочеркті жатқызуға болады. Бұл өте кең тараған көркем-публицистикалық жанрдың бір түрі болып табылады. Бұл жанр түрі газеттен гөрі журналдарда, фотоальбомдарда, фотокітаптарда және көрме қабырғаларында көбірек орын тебеді. Фотохабар өткен ХХ ғасырдан-ақ белгілі болды. Солай дегенмен, ол мерзімдік баспасөз беттерінде 30 жылдардың соңы мен 40 жылдардың алғашқы жылдарынан бастап кеңінен пайдалана бастады. Өйткені осы кезеңнен бастап, еліміздің көптеген ірі қалаларындағы бұрынғы ескі баспаханалардың орнын заман талабына сай полиграфиялық базасы біршама бай техникалар алмастырды. Бұл жай әрине мерзімдік баспасөздің сапасын арттырып қана қоймай, фотосуреттердің де жиі басылуына зор септігін тигізді. Мерзімді баспасөз беттерінен ашық талдаусыз және фактілерге авторлық баға берусіз фотокорреспонденциялар да кездесіп қалады. Бұндай басылымдар фоторепортаж белгісімен орындалып, ақпарттық суреттеу түрінен беріледі. Бұл оның ақпараттық жанрлармен сырттай ғана ұқсастығын көрсетеді. Ал, тереңірек үңіліп қарасақ, ол фактілерді тізіп қана бейнелеумен шектелмейтіндігін, одан әлде қайда терең екендігін аңғаруға болады. Атаулы фотокорреспонденция әлеуметтік тәжірибені ашып көрсетеді. Мұнда фактілерді іріктеу тақырыпты ашуға, автордың айтар ойын жеткізуге көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, талдау ықшамдалып беріледі. Фотокорреспонденция – нағыз зерттеудің жұмысына арналған жанр. Фотокорреспонденция бір мәселеге яки оқиға қатысты бірнеше мәселенің бірдей сырын ашып жататын кездері болады.
Келесі ақпарат жеткізудің оңтайлы тәсіліне жататын фотосуреттеменің фотохабарға жақын екені рас. Мазмұны жағынан ол өмірдің бір үзігін ғана көрсетеді. Алайда, оның фотохабардан өзгешелігі де жоқ емес, оған ең алдымен фактіні жеткізуде ешқандай шек қойылмайды. Автор оны қалай жеткіземін десе де өзі біледі. Фотосуреттеменің тағы бір ерекшелігі – түсіру формасы мен әдісі жағынан фотоочеркке жақын келеді. Фотосуреттеме фотожурналисттің бір емес, бірнеше тақырыпты қатар алып түсіргенінде де анық байқалады. «Фотосуреттемені фотоочеркпен жақындастыратын басты белгі – екеуінің де шындықты поэзия тілімен жеткізетіндігі, сезімге әсер ететіндігі. Ол фотосуреттемеде әсіресе, суретке қоса берілген мәтінде айқын аңғарылады. Фотоочерктің негізгі міндеті кеіпкердің образын жасау болса, ол міндет фотосуреттемеде шектеулі. Өйткені бұл жанрдың көтерер жүгі публицистикаға емес, ақпараттық мәлімет беруге ғана құрылған. Сонымен қатар, фотосуреттемедегі суреттер өзінің жаңалығымен де құнды болуы тиіс. Фотосуреттеме қазіргі заманның бір немесе бірнеше үздік бөліктік сырын ашып көрсетудің формасы деуге болады. Бұл заттың өзіне қарап жобасын жасау, яғни, бір сөзбен айтқанда, оны аяқталуына қарай алатын болсақ, ол суреттің өзі емес, оған жасалған алғашқы қадамның штрихы ғана. Сондықтан да фотосуреттемені осы өнерге жақын адамдардың аяқталмаған картина деп атауы, бағалауы тегін болмаса керек» [1, 87].
Атаулы жанрдың басылымдарға тән нәрсе – адамның жан-дүниесіне үңілуге ұмтылу, сол үшін де ол баяндауға көңіл-күйлік екпін береді. «Фотожурналист фотосуреттеме түсіргенде шындықты қалай көрсе, оқушыдан да солай қабылдауды талап етеді» [5] демекші, сезімділікті сәтті жеткізудің ең жақсы құралы, сөздік бейнелеу болып табылмақ, сондықтан да ол фотосуреттемеге тән нәрсе. Алайда, бұл жанрдағы сөздік бейнелеу метафоралық, эпитеттік, метонимикалық тағы басқа теңеудің деңгейінен асып кете алмайды. Әдетте олар толық тұтас бейне жасауда жеткілікті деңгейде материал бола алмайды. Фотосуреттеме жанры бейнелеуді қысқа да ықшам жеткізуімен ерекшеленеді. Ал, қысқа нұсқа мен көрсету қазіргі заман белгілерін бейнелеудің шығармашылық мақсатын анықтайды немесе жанрлық бағдарлама міндеттерін орындауға бағытталады.
Фотожурналистиканың шығармашылық қызмет түрі ретінде қалыптасуы қоғамның көзбен көру ақпаратын қажет етуден туындады. Оның қызметтік алаңы мерзімді баспасөз саналады және ол фотожурналистика шығармашылығының сипатын анықтайды. Фототілшілердің басты мақсаты – көру техникасының фотоаппараттық көмегімен қоғамдық өмірде болып жатқан әр түрлі жаңалықтар мен оқиғалардың әлеуметтік-саяси мәнін ашып көрсету. Қоғамдағы көрсетімдер қызметінің кез келген түрі субъектінің объектіге қатысымен сипатталады. Фототілші шындықты бейнелеуде фотография мүмкіндіктерін тікелей пайдаланады. Ол әлемде болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалардың шындық бейнесін сөз белгілерімен ғана емес, сонымен қатар сурет өнерінің көмегімен де кескіндейді. Фотожурналистикадағы объект нақты шындыққа бір табан жақын. Оқырман, көрермен фотосуретте бейнеленген жайдың тікелей куәгері, оны өз көзімен көргендей әсер алады.
Фотожурналистикадағы объектіні тіркеудің тағы бір артықшылығы, құжаттық шындықты бүкпесіз тура сол қалпында көрсете білуінде, яғни оқиғаның уақыт кеңістігіне сай етіп жүргізе алатындығында. Сондықтан да фотожурналистерді «шежіреші» деп атауы тегін болмаса керек. Фотографияда өмірде болмаған нәрсе мүлде болмайды. Мұндай фактілер журналистиканың өзге салаларында болуы мүмкін. Бірақ ол фотожурналистикада ерекше мәнге ие болады. Объектіні таңдаудың, сюжет, композиция құра білудің нәтижесінде фотосуреттердің сапасы да арта түседі. Белгілі бір обьектіні «белгілеп алған» журналист әр түрлі сатылардан өтеді. Әр оқиға барысында әр түрлі жайттар болатындықтан, ондағы кездесетін кедергілер де алуан түрлі болатыны айдан анық. Жанрмен жұмыс істейтін журналисте ерекше шыдамдылық пен ыждаһаттылықтың көрінісі көбірек табылады. Фотожурналистиканың қиындығы да осы жанрлармен жұмыс атқару. Жанрлардың өз алдына бөлек мінез-құлқы, қыр-сыры, астары болады. Фотожурналист сурет түсірер алдында жарықты мейлінше дұрыс, ықшам пайдаланғаны дұрыс. Себебі суретте фонның бұзылуы жарықты дұрыс пайдаланбағаннан туындауы ғажап емес. «Фотографтың объектіні жандандыруы өз қолында, тек ол сол тар қарым-қатынастан шешім іздеп табуы фотожурналистің шеберлігіне жатады»[6, 12] дегендей, фототілшінің әрқашан «жолы бола кетеді» деу артық. Қаншама түсірілген суреттердің ешқайсысы көңілден шықпай қалуы да, техниканың ақауы да, журналист күткен оңтайлы сәттің реті келмеуі де, уақыттың қысқалығы да бәрі орайласа келе, фототілшінің шеберлігіне сын болады. Кейде құрбан болатын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, журналист А.Зись табиғаттағы ғажайып бір сәттерді түсіру кезіндегі өзінің жақын досы американдық Рой Кендидің қаза тапқанын қамығып отырып жазады [7, 43]. Рой Кенди тау басындағы құс ұясын фотоға түсірмек болып, жартасқа өрмелеген. Алайда ол құлап мерт болады. Мұндай жағдайлар фототілшілердің жанқиярлық еңбегін, көзсіз ерлігін көрсетеді. Табиғат жаратылысының бір үзік секундын түсіру үшін кейбір фотосурет авторлары күні бойы тал, ағаштың төбесінде немесе су астында, тау басында жүргендіктерін айтады.
«Фотожурналистика мамандығы алғырлықты, қырағылықты өзге мамандықтан да көп талап етеді. Себебі ол үнемі оқиға арасында, іс үстінде жүреді, ол оқиғадағы қозғалыс, қарбалас, қапталдас әрекеттермен біте қайнасып, солардың арасында жүреді» [8,14] деп айту заңдылық деп санаймыз. Отандық фотожурналистика күн сайын интерактивтеніп жатыр. Сурет өңдейтін түрлі бағдарламалар, ғаламтор жүйесіне қосылған кәсіби фотоаппараттар сансыз мүмкіндіктерге жол ашуда. Оқырманның да бұл күнде фотосуретке деген талабы өсіп келеді. Осы орайда фототілшілерге қосымша үйренер дүние – дизайнерлік қабілет пен қарым дер едік.
Несі бар, өмірді объектив арқылы көретін жандар бұл үміттің үдесінен шығарына сенім мол. «Менің суреттерімнің ең сәттісі – ертең түсіретін суретім» деген екен белгілі фотограф Имоген Куннингам. Жаңалыққа келгенде «әрқашан қарны аш» журналист жемісті жұмыс істейді [4]. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде көптеген кәсіпорындар ашылып, жұмыс күші шеттен де тартыла бастады. Түрлі жағдайларға байланысты туындаған кәсіпорын проблемаларын, елдегі жаңалықтар мен көңілге кірбің ұялатар жағдайларды бір-екі суретпен жеткізетін фотожурналистер қауымының кәсіби шеберліктері шыңдала түсіп, еңбектері қалың бұқараға әсерлі, тартымды болып келе жатқанын айта кету абзал. Фотоөнерін зертеуші ғалым А. Вартанов айтқандай, «Цель, многие десятилетия недостижимая для представителей пикторианской (живописной) фотографии – обрести эстетическую самостоятельность, – оказалась по плечу представителям фотографии журналистской» [9] бұл өнердің мүмкіндігі эстетикалық талғам мен шығармашылық шешімнің көптігін байқатады. Фототілшінің шеберлігі әлеуметтік-саяси мәселелердегі құзіреттілігіне, жоғары эрудициясына, азаматтық ұстанымына тікелей қатысты. Таза ұлттық сана-сезімді қалыптастыру үшін кез келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, байыппен саралау, ой елегінен өткізу аса маңызды. Қазақтың асыл сөзінде айтылғандай, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізетін фотожурналистика жанрлары баспасөздің ең оңтайлы, аса ұтымды, икемді бөлігі ретінде өз мүмкіндігін жоғарылата берері сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Әбдірайымұлы А. Фотожурналистика. Алматы: Қазақ университеті, 2013 – 116 б.
- «Ұлан» №25. 2013 жыл, 25 маусым.
- Жұмағали Арғынбаев. «Отыз фотоаппараты бар маман» // Егемен Қазақстан. – 2004 жыл, 4 тамыз.
- http://el.kz
- Паркер Р. Как сделать красиво на бумаге. СПб, 1998. — 336 с.
- 6.Ронис В. Одна фотография может заменит десять тысяч слов. М.: Энергия, 1961. – 218 с.
- Юодакис В. Система жанров фотожурналистики. М.: Эра,
- Баженов В. Фоторепортаж … каким мы его знаем? Москва, 19
- www.photographer.ru
Ерлан Омаров, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі
P.S. Бұл айдарда 2021 жылдың 15-сәуірінде ҚазҰУ, Журналистика факультетіндегі Е.Шаймерденов атындағы аудиторияда Қазақстан фотографиясының 180 жылдығы аясында ұстаз, фотожурналист Асылхан Әбдірайымұлының 60 жасқа толған мерейтойына арналған «ҰЛТТЫҚ ФОТОӨНЕР: ТАРИХЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясына дайындалған мақалалар ұсынылуда. Алда басқа да отандық және шет елдік фотографтардың ізденісін оқи аласыздар.