Дөңгелек үстелде маңызды мәселе қаралды

 Дөңгелек үстелде маңызды мәселе қаралды

Өткен жылы Алматыда Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің ұйымдастыруымен  «Фотографиядағы авторлық құқықтарды қорғау мәселелері» атты дөңгелек үстел өткен еді.

Бүгінде бірлестік аталған жиынның нәтижесі ретінде, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.З. Нығматулин мырзаға, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының   бірінші орынбасары Б.К. Байбек мырзаға Қазақстан Республикасының кәсіби фотографтары атынан хабар жолдады. Аталған хабарда ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңындағы бірқатар нормаларына ұсыныстар мен пікірлер ұсынылды. Бұл кәсіби фотографтардың беделін арттыруға бағытталған. Өйткені, қазір бұл шығармашылық иелеренің туындылары көп қолды болуда. Авторлық құқықтары жиі тапталады. Ұсынысты назарларыңызға ұсынамыз:

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңында келесідей нормалар бар:

 «19-бап. Шығарманы автордың немесе өзге де құқық иеленушінің келісімінсіз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану»

Автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдаланатын автордың есiмiн және қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, шығарманы пайдалануға мынадай жағдайларда жол берiледi:

1) заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;

2-тармаққа өзгерту енгізілді — ҚР 06.06.18 № 161-VI Заңымен (бұр.ред.қара)

2) заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде кіріс алмастан пайдалану;

3)  ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмелеуге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнауы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;

4)  көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;

5-тармақша өзгертілді ҚР 09.07.04 ж. № 586-II Заңымен (бұр.ред.қара)

5) ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру немесе кинематография құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;

Яғни, бұл дегеніміз – бірнеше рет жарияланатын жұмысы үшін автор-фотограф бұдан былай әрқандай бір қаламақы немесе төлемдер алмайды деген сөз. Қазіргі уақытта, осы баптың салдарынан көптеген бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби фотограф қызметінен бас тартып отыр. БАҚ бұрын белгілі бір жағдайларда жарияланған фотоларды ғана қайтара басып келеді. Біз бұл жағдай әділетсіз және қазақстандық БАҚ-ты деградацияға ұшыратады, сол арқылы бірдей мәтіндер мен суреттердің монотонды кластеріне айналуына алып келеді деп санаймыз. Сонымен қатар, қазіргі әлемде заманауи технологиялар мен Интернеттің арқасында тек бір фотосуреттің қайталанған жарияланымдарының саны ондап, жүздеп, кейде тіпті мыңдап саналуы мүмкін. Күнкөрісі заңды қаламақыға қарап қалған фотографтар осының салдарынан үлкен материалдық және моральдық шығынға батып отыр. Алайда осы заңға сәйкес, музыкалық туындылардың авторлары мен орындаушыларына көпшілік алдында шығармалары әр ойналған сайын қаржы аударылады. Ал фотографтың жұмысы ешкімнен кем емес және материалдық және интеллектуалдық шығындар тұрғысынан қарағанда композитор мен музыканттың жұмысынан едәуір асып түседі.

 

Осынау айтылғандарға байланысты сізден «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабын толықтырып, парламент депутаттарының қарауына салуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Біз бұл заңға мынандай өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Баптың атауына мынандай норма қосылса:  «19-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары кез-келген сипаттағы жарнамалық материал жариялап, баспасөз жазылымын немесе басылым даналарын  қолма-қол төлем немесе банктік аударым арқылы сатқаннан басқа шығарманы автордың немесе өзге де құқық иеленушінің келісімінсіз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану».

 

Заңның бұл бабы мынандай тармақпен толықтырылса: «Бұқаралық ақпарат құралдары кез-келген сипаттағы материал жариялағанда, баспасөз жазылымын немесе басылым даналарын  қолма-қол төлем немесе банктік аударым арқылы сатқанда заңды түрде авторы көрсетіліп, суреті өзгеріссіз жарияланған фотограф БАҚ-қа қайрылса, автор белгілеген ақы төленуі керек.»

Біздің ойымызша, бұл өзгерістер әділеттілікті қалпына келтіріп қана қоймайды, сонымен бірге қазақстандық БАҚ-тың дамуына жағымды әсер етеді. Сонымен қатар, егер бұл түзетулер қабылданса, ел бюджетіне қосымша салық та түскен болар еді. Өйткені күнделікті жарияланып жатқан мыңдаған фото қаржылық тұрғыдан мүлде бағаланбай келеді.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *