Түркістаннан жеткен әсер: фотосапар көрмеге ұласты

 Түркістаннан жеткен әсер: фотосапар көрмеге ұласты

29 сәуір күні Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы қабырғасында «Түркістан – 2026» фотоэкспедициясының нәтижесіне арналған есептік фотокөрме өтті. Көрмеге «Кино және телевизия» факультетінің «Дыбыс режиссурасы және операторлық өнер» кафедрасына қарасты «Фотоөнер» білім беру бағдарламасының 1–2 курс студенттерінің фотосапар барысында түсірген жұмыстары қойылды.

Аталған көрме, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «TURKISTAN SAPARI–2026» фотосапарының жалғасы іспетті болды. Бұл сапардың басты мақсаты – қазақ фотоөнерінің дамуына үлес қосқан Нақып Шеріұлы Шинтеміровтың 60 жылдық мерейтойына қатысу және Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын фотоөнер арқылы насихаттау еді.

Экспедиция барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Арыстан баб кесенесі және Отырар қалашығы сияқты киелі орындарды аралап, тарихи кеңістіктің тынысын жеткізетін ерекше кадрлар түсірді. Сонымен қатар сапар аясында шеберлік сабақтары өткізіліп, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген  курс кураторлары – Асылхан Әбдірайымұлы мен Оңғарбек Алхаров студенттердің шығармашылығына жоғары баға беріп, фотоөнердегі кәсіби бағыт-бағдар жөнінде өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ өзге де сала мамандары жастарға шабыт беріп, шығармашылық ізденістің маңызын атап өтті.

Көрмені тамашалауға арнайы келген қонақтардың қатарында: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазақ кескіндеме өнерінің корифейі Жұмақын Қайрамбаев, «Кескіндеме және мүсін» факультетінің деканы Бауыржан Байділда және қауымдастырылған профессор, «Көркемсурет» кафедрасының меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Сырлашұлы және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Оқу және оқу әдістемелік жұмыс жөніндегі» проректоры  Ергөбек Шыңғыс Құлбекұлы, «Кино және Телевизия» факультетінің деканы Бакеева Мадина Қайратжанқызы, «Дыбыс режиссурасы және операторлық өнер» кафедрасының менгерушісі Мырзашева Алия Такенқызы болды. Олар студенттердің еңбектерін жоғары бағалап, көрме жұмыстарына қызығушылық танытты.

Бұл көрме тек фотосуреттер жиынтығы ғана емес, жас фотографтардың көзқарасы, сапар барысында жинаған тәжірибесі мен алған әсерінің көрінісі болды. Түркістан сапары қатысушылар үшін үлкен мектепке айналып, олардың шығармашылық дамуына серпін берді.

Жалпы, «Түркістан – 2026» фотосапары мен одан туған көрме – фотоөнер арқылы тарихты танытып, рухани құндылықтарды жаңғыртқан маңызды мәдени оқиға болды.                                                           

Ерболсын Бірлікұлы, студент

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *