ТАУТЕКЕЛІ

 ТАУТЕКЕЛІ

«Таутекеліге кеттік, дайындал» деген sms түсті Алмас досымнан. Білдей Берел-қорық мұражайын басқарып жүрген білімді жігіт ол. «Оk» дедім де «бес қаруымды» сайлап тысқа шықтым.


✔Таутекеліміз Аршатының арғы жағы. Түске қарай Берелге жетіп, бауыры биік көлікке міндік. Жол ұзақ болмағанымен Берелге дейінгідей асфальт жоқ. Қиыршық тас, өр, ылди.
✔Бұқтырманың бойымен тартып барамыз Таутекеліге. Шыңдары төбеңнен төніп, Алтай биіктей берді.

✔Аршатыны Күншығыс көшесімен жарып өттік.
— Халқы тәуір-ақ ұйымшыл, — деді тізгіндегі Сырым.
— Е иә, бірлігі мықты, — деп қостады Азат.
✔Бұқтырманың сол жағалауына бір, оң жағалауына бір шықтық та тайганың ішінде тұрған жалғыз үйге тоқтадық.
— Қымыз бар ма? — деп саңқ еттік.
— Жоқ, — деді үйінің күйкі тірлігінен бас алмай жүрген апай.
Сырым тарп-тарп басып ауласына кірді… Биыл ауыл жақта қымыз тапшы. Оптом қалаға әкетіп жатқан көрінеді.


✔Таутекеліге таяғанда темір көпірден өттік. Өзені ақ көбігін аспанға атып ағады.
✔Жүріп келеміз. Шығыстағы шеткі ауыл Аршатымен бітсе де, тіршілігі бітпейді. Әр-әр жерде бие байлап, қымыз ашытқандар.
✔Көп ұзамай ат шаптыратындай алаңқайға шыға келдік. Берел, Қаба жазықтарына ұқсас. Қарайып қойшының қорасы көрінді. Археологтар сонда екен. Үй иесі жайлауда десті. Қыстағы мұндай болса, жайлауы қандай?!


✔Қазба жұмыстарымен археолог Айдос Шотбай таныстырды:
— Бұл жерде 150-ден астам қорған бар. Қимақтардың, Сәнбилердің, тіпті 18 ғасырда жерленген қазақтардың да мазарларын байқайсың. Былтыр анау қорғаннан «уникальный» жәдігерлер табылды. Олар қазір Өскемендегі Өлкетану музейінде. Бұл қорғаннан да ерекше дүниелер шығады деп күтіп отырмыз, — дейді.

✔Бұл обалар Берелдегідей тоналмаған.
✔Тарихтан тартып әңгіме шертіп отырғанда, беткейден суыр аңқиттады. Жалт қарастық. Етек жағында сидиған түлкі жортып барады. Фотоапаратпен жақындатып қарадым. Өр жағында еш алаңсыз құну тіміскіленіп жүр.
✔Аңдар алаңсыз. Өйткені бұл жерде мылтық атылмайды. Шекара жақын. Тікесінен-тіке тартсақ Күртіден асып, Шындығатай заставасына, Шәңген көліне тірелесіз…
✔Қазақстанның төріне, Төр Алтайына келген де, келмеген де арманда шығар.

Суреттерді түсірген және мәтін авторы-Мерей Қайнарұлы,

Шығыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *