Қытайдағы қазақ фотоөнері

 Қытайдағы қазақ фотоөнері

Егеубай Оразанбай,  жазушы, әдебиет зерттеушісі

Қытайдағы қазақ фото өнерінің ғасырға жуық тарихы бар. Сол сапарда ұлы қытай халқының фото өнерімен қанаттас дамып отырды, өнеге тұтты. Алғашында әдеттегі фотоаппаратшылар бой көрсетті.

Жеке адамдардың бейнесін түсіруден бастады. Бояуы ақ-қара болды. Келе-келе кәсіпқой шеберлер жетілді. Түрлі-түске ауысты.

Соңғы жарты ғасырдан бері өлкелік, облыстық, аймақтық кәсіпқой және әуесқой фотосуретшілер қоғамы құрылды. Әсемөнер фотосурет баспалары ашылды. Осылардың ұйытқы болуында фотография мамандығы жөнінен зерттеулер етек алды. Ғылыми, теориялық көзқарастар айқындалды. Курстар, мектептер ұйымдастырылды. Суретті газет-журналдар жарық көрді. Жүйелі, шоғырлы фотосурет мақалалары жарияланды. Үлкендікішілі фотоальбомдар шықты. Жыл сайын жұртшылыққа суретті күнтізбелер ұсынылды.

Бұл күнде Қытайдағы қазақ фото өнері мақтан тұтарлық жетістікрге құлаш сермеп отыр. Өзіндік ой-пікір, философиялық талғам алды. Оның көркем өнімдері табиғат сұлулығын, хайуанат, төрт түлік мал, жәндіктер дүниесін фотосуреттерімен сөйлетті; арғы замандарға, ежелгі дәуірлерге, фольклорлық-этнографиялық шыңырауларға бойлады; қазақ ұлтының салт-дәстүрін, әдет- ғұрпын, сұлулыққа суарылып, нәзіктікпен астасқан, ерлікке пара-пар қызқуар, көкпар, лақ тарту, теңге ілу, аударысу, бәйге сияқты атүсті көңілашар, парасат байқатар мәдениетін, жорға сәйгүліктерінің тізгігін бос қоя беріп, ән салып, күй тартатын сал-серілер салтанатын, Абайдай әлемге әйгілі ақын, Абылайдай айбатты хан, Қыз Жібек пен Төлегендей ғашықтар туған әсемдік пен кемеңгерліктің ақордасы – қазақтың киіз үй көркін, ұлттық киім-кешек, ат әбзелдері шеберлігін айшықтады; Аспантау елінің 56 ұлтты сан-санақсыз көрермен, оқырмандарына танытты.

Оларды өз ұлтына таныстырды. Екі жақты тең бейнеледі. Алысжақын шетелдермен қытай елінің арасында алтын көпір болды.

Фотошеберлерінің үздік туындылары ағылшын, қытай, француз, орыс, жапон, кәріс, түрік қатарлы әлемдегі ең ықпалды ондаған ұлт тілдеріне аударылды. Көрмелерінде көрсетілді. Бәйгелеріне қосылды. Мадақтау мен сыйлықтарына бөленді. Қытайдағы қазақ қауымының осындай өскен, қалыптасқан фото өнері бар. Оның тағдыры әр авторының өнердегі жетілу тағдырына ұқсайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін үш мысал келтірейін.

Асылхан Бәгенұлы: 1941 жылы 7 қарашада Шыңжаңның Үрімжі ауда нында өмір есігін ашқан. 1960 жылы Үрімжі тәжірибе орта мектебін тауысып, Шыңжаң институтының филология факультетінің қытай тіл мамандығында оқып, 1964 жылдан 1988 жылға дейін Бежіндегі «Ұлттар» суретті журналында фотожурналист міндетін атқарған. Аралықта 19751977 жылдары Бежін орталық кино әсемөнер университетінен фотожурналист мамандығы бойынша екі жыл білім толықтырған. 1988 жылы Шыңжаңға оралып, «Шыңжаң» фотосуретті журналында тете аға редактор болып істеді. 1990 жылы қазаннан бастап Шыңжаң әсемөнер баспасы бар редакторының орынбасары міндетін өтеді. Кәсіптік мамандық бойынша 1996 жылы профессор атағын алды.

Асылхан Бәгенұлының еңбектері көбінде қытай, қазақ, ағылшын тілінде жарияланды. «Ұлттар», «Халық азаттық армиясы» қатарлы мемлекеттік суретті журналдар мен «Халық газетінде» 50-ден астам жүйелі фотосуреті жарық көрді. «Яу ұлтының төр дорбасы», «Саятшы», «Тұрпан жүзімі», «Жайлаудағы қырғыздар», «Қымыз» сияқты фотосуреттері «Ұлттар» суретті журналы жағынан «Үздік туынды» сыйлығын алды. «Асқар тау аясында» (аспалы күнтізбе, 1994 жылы Қытайдың батыссолтүстік өлкелерінің әсемөнер кітаптар байқауында «Хуанхы алтын сиыры» сыйлығын жеңіп алды). «Үстірттегі көлдер», «Мұсылман күнтізбесі» секілді қытай, ұйғыр, қазақ тілдеріндегі кітабы қоғамда тамаша экономикалық өнімділік жаратты. «Басбай мен Басбай қойы», «Қазақ қызы», «Қаһарман Сержан», «Әнші Хамит» сияқты суреттері жұртшылық кең алқауына бөленді. 1995 жылы жаңғыртып қытай, қазақ тілінде шығарған «Дүние жүзі картасы» мен «Қытай Халық Республикасының картасы» Қытайдағы қазақтардың осы саладағы ақтаңтағының орнын толтырды. «Іле» (1984 жыл, «Іле халық баспасы»), «Қазақ тұрмыс-салты» (1994 жыл, «Шыңжаң әсемөнер баспасы») көлемді фотоальбомдары мемлекеттік екінші дәрежелі сыйлықты еншіленді. «Биязы жүнді қойдың мекені» (1997 жыл, «Шыңжаң» әсемөнер баспасы), «Қазақ киіз үй мәдениеті» (қытай, қазақ, ағылшын тілдерінде, 2000 жыл, «Шыңжаң» әсемөнер баспасы) фотоальбомы 2001 жылы Қазақстанның Алматы қаласында өткен кітап және әсемөнер туындылар көрмесіне қойылды. 2004 жылы ШҰАР бойынша екінші дәрежелі «Үздік туынды» сыйлығын алды.

Асылханның «Саятшы», «Аққу көлі», «Тұрпан жүзімі», «Көркем Қанас», «Қыз қуу» қатарлы фотосурет туындылары Қытай, Жапония, Түркия, Голландия, Қазақстан, Гонконг қатарлы елдерде көрмелерде көрсетілді. «Қытайдың аз ұлттары», «Орман алқабы», «Су ішсең бастауын ұмытпа», «Шыңжаңның танымал 100 фотосуретшісі» қатарлы он шақты туындысы Қазақстанда «ТеңізШеврон мұнай компаниясы» ағылшын, орыс, қазақ тілінде шығарған «Қазақтың киіз үйі» альбомынан лайықты орын алды.

Асекең фотосурет өнеріне қоса жазушылықпен де айналысып келеді. «Қытай-Албания коммунасында», «Құз дағы қойма» және «Хасен гене рал» (роман) т.б. көркем туындылары бар; аудармашылықпен де шұғылданады. «Аяулы әскер Швейк», «Ли Цзунжэньнің қайта оралуы», «Мао Цзедунның Синомен әңгімесі», «Жартас суреттері», «Дала тағылымы», «Бастауыш және орта мектептерге арналған әсемөнер оқулығы», «Ұйғыр суретшілігі», «Сүйіспеншілік тәрбиесі», «Даңғаза қыстақ», «Теңіз және қария» т.б. шығармалар қытай, ұйғыр тілдерінен қазақша сөйлетті. Баспадан шығарды.

Асекең еңбектері үшін 1996 жылы Қытай мемлекеттік фотосуретшілер қоғамының алтын медалімен марапатталды. 1995 жылы ШҰАР әдебиет көркемөнершілер бірлестігінен «Шыңжаңның фотосурет қызметіне елеулі еңбек сіңірген қайраткер» атағын алды.

Асылхан бүкілқытайлық фотосурет қоғамының мүшесі, Шыңжаң фотосурет қоғамы төрағасының орынбасары қатарлы қоғамдық міндеттер өтеп келеді.

Түсіпбек Сіләмқұлұлы: Шыңжаң өлкесінің Үрімжі ауданы Ерентау қойнауында 1946 жылы өмірге келген. Бастауыш, орталау, орта мектепті ауылда оқып, тіл-әдебиет мамандығы бойынша 1968 жылы Қытай астанасы Бежіндегі Ұлттар институтын тауысқан. Жас кезінен бастап фотография мамандығын игеруге ден қойған.

Диплом алып, жаңа ғана жұмыс табалдырығын аттаған балғын жасқа сол кезде өрті лаулап тұрған атышулы «Мәдениет зор төңкерісі» «Сасық зиялы» де ген қарғыс таңбасын басады. Егіс алаңына еңбекке айдайды. Сол кезде «Улы шөп», «Сары кітап» деп қара лап мансұқталған «керексіз» кітап үйіндісіне кез болады. Бір жағынан білім шөлін қандырса, бір шетінен кітаптарды елге таратады. Қолына түскен сомаға фотоаппарат және оның қосалқы жабдықтарын сатып алады. Суретке түсіру, сурет шығару шеберлігін жетілдіреді.

Түсекең қазір бүкілқытайлық және Шыңжаңның фотосурешілер қоғамының мүшесі, салт-сана фотосурешілер қоғамының тұрақты жорасы, «Шыңжаң суретті журналы» бас редакторының орынбасары, Қытай Халық Республикасы жастар бірлестігінің, Шыңжаң ақпаратшылар қоғамының мүшесі. 1999 жылы «Шыңжаң бойынша көркемөнер саласындағы моральды да қабілетті он таңдаулының бірі» деген даңқты мәртебеге қол жеткізген. Профессор, фотосурет докторы. Қытай Халық Республикасында және дүние жүзінде екі мыңнан астам фотосуреті баспасөз айдындарында жарық көрген. «Адамзаттың серігі», «Темір шыңына сапар» қатарлы неше мыңнан саналатын фотосурет қоры тағы бар. «Көрікті Ертіс», «Жаратылыс жасампаздығы», «Балақай» атты желілес және жеке-дара отыздай фотосуреті Қытай мемлекеттік және Шыңжаңның бәйге сыйлықтарын неше қайта жеңіп алған. «Аспантауындағы кемпірқосақ», «Қарлы дала» сияқты алты фотосуреті халықаралық көрмелерге қойылып жүлде алған. 1998 жылы Қытай Халық Республикасында тұңғыш рет өткізілген халықаралық салт-сана фотосурет көрмесінің «Адамзат есесін» айдарында «Қазақтың отар тұрмысы» атты бір шоғын фотосуретінің «Ең таңдаулы туындыға» бағаланғандығын мақтанышпен айтуға болады. Түсіндірмесі қазақ, қытай, ұйғыр, ағылшын тілдерінде берілген «Қазақ тұрмыс-салты» атты ірі тұрпатты сурет альбомы 2002 жылы баспадан шығып, жер шарының түкпір-түкпіріндегі оқырман, көрермендеріне жол тартты.

Түсіпбек Сіләмқұлұлы «Шыңжаң халық баспасында» жұмыста болған жылдарында құрастырған «Қытайша-қазақша биология сөздігі», «Қытайша-қазақша-ағылшынша ботаника сөздігі», «Қытайша-қазақша дәрігерлік сөздігі», «Фотосурет техникасы» кітабы осы мамандықтағы оқырмандардың кітап сөресінен бағалы орын тапқан. Өз атында төрт тілде (қытайшақазақша-ағылшынша-жапонша) «Қытай қазақтары», «Қазақ тұрмыс-салты» атты фотоальбом альмағын шығарып, осы өңірдегі кеңістікті бүтіндеген. Қытай тілінен оннан астам кітапты қазақша сөйлеткен. «Электр қырықтық» тектес елуден астам ғылыми кітаптың редакциясын қарады. «Шөгір шыңына сапар», «Тың бастамадан туған тың нәтиже», «Аспантауының асқарындағы алты жыл» секілді сексеннен астам техникалық, ақпараттық суретті мақала жариялады. Фотоәуесқойларына арнап 1996 жылы «Фотоға түсіру техникасы» атты кітап жазды.

Түсекең басқалар таптаған шиырға соқпай, қайталамай, ауырдың асты, қатердің дірілдеген өткір жүзімен тыңға тартып келе жатқан нағыз талантты фото шебері. Отыз жыл бойында Шыңжаң аумағындағы үш ұлы тау, екі алып ойпаттың қос аяқты пенде әлі жетпеген, адамзатқа сыры ашылмаған, экологиялық ортасы жазмыштағы ту қалпында қалған шыңырау шатқалдарын, құз- шыңдарын, буырқана тулаған долы өзендерін, түпсіз оппасын, жыныс ормандарын аяқ суытпай кезді. Теңіз деңгейінен 5 мың метр шыңдарына шықты. Ені сырмақтай, ұзыны көзкөрім келетін қияметтің қыл өткеліндей мәңгілік мұз көпірден өтті. Толассыз құйған нөсерде, құрық бойламайтын қарда қалды. Нар қарағайдың түбін, жалама жартастың бауырын қоналқы етті. Бет қаратпас аяздан, ауа сиректігінен, улы газдан беті-қолының бір қабат терісі сыпырылып түскен кездер де болды. Аю, қабылан, әбжылан, тағы басқалармен бетпе-бет келіп отырды. Фотоаппаратын құшақтаған оған алдыңғы аяқтарының қандауырдай он салалы тырнағын жалаңдатып тікесінен тік тұрған аюдың ашулы айбатын, аузын арандай ашып, қылыш тістерін ақситып, бас салардай оқтала дүрілдеген қабыланды көргенде әрқандай пенде жанынан түңілмей, ет жүрек аунап түспей тұра алмас?! Тайсалмайтын рух, берік сенім, қайтпас жігер ғана төтеп берер, әрине. Маң-маң басып мұз жоталап бара жатқан ақ аюдың, биікте ұлып тұрған көк бөрінің, қиядағыалып тас қақпадан өтіп келе жатқан атты адамдардың қимылы қандай ғажайып! Аққан жұлдыздай заулаған қыран бүркіттің жалт-жұлт еткен, қызыл шоқ түлкімен шеңбектескен сағымды бейнесін суретке алудың қаншама тездікті, эстетикалық ұшқыр сезімталдықты қажет ететіндігін айтып жатудың басы артық болар. Сондықтан кейіпкеріміздің фотосуреттерінен ұлы табиғат пен кең ауқымды өмірдің табиғи жасампаздық құдіреті өзі сөйлеп, өзі жырлап, өзі сабақ өтіп тұрады. Ол ұлт, тіл, енім, шекара таңдамайды. Көрермендері ойдан, қолдан жасалмаған шындыққа, шынайы көркемдікке, қас сұлулыққа жетелейді. Табиғат пен адам, тіршілік пен құбылыс етене шендеседі. Әр суретін тамаша жазылған поэзия және прозалық көркем шығарма деуге болады. Әуелде, жазушы жазып, ақын жырлап жеткізе алмайтын нәзік, шүңет иірімдермен табыстырады. Қиялыңды қиырға, заңғарға, түпсіз тереңге тартады. Желпінесің, жетілесің, үмітке шомасың. Түсіпбектің өзіне тән берік ұстаным, әдісамалы бар. «Маған нәтиже өз ұлтымның тағдырындағы өзгелерге бейтаныс тарих, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ата жұртымның көрікті де әсем табиғатынан дариды. Фотосурет – әрқандай заттың табиғи образын өз қалпында ұзақ уақыт сақтай алады», – дейді өмір тәжірибесін қорытып.

Жарқын Имаммәдіұлы: 1965 жылы Шыңжаңның Үрімжі қаласында дүниеге келген. Сәби кезінен бастап сурет сызуға құмартқан. Бастауыш мек тепте сауатын аша сала қазақ хаткерлігіне (көркем жазуға) әуестенген. Ортал ау мектепте оқып жүрген шағында фотосурет түсі руге, оны өзі жуып, өзі шығаруға талпынған. Сөйтіп қаршадайынан           ағайынды үш өнердің тізгінін бірден қымтып ұстаған.

Орта мектепті де озат нәтижемен тауысады. Өзі таңдап «Шыңжаң көркем өнер мектебінің» студенті болады. 1988 жылы әсем-

өнер факультетін жоғарғы нәтижемен тәмамдайды. Сол жылы «Шыңжаң суретті журналына» фотосурет тілшісі болып қызметке ораналасады.

Өнер сапарын осылай бастаған Жарқын Имаммәдіұлы Естебаев қазір үш өнерден де кесек-кесек нәтижелер көрсетіп келеді. 1989 жылы сызған, Қытай астанасы Бежінде өткізілген бүкілқытайлық үшінші кезекті «Денсаулық сақтау сурет көргізбесіне» қойылған «Дүниежүзілік шылым шектеу күніне арнау» атты ұласпалы үгіт суреті бағалауда ең жоғары – «Таңдаулы туынды» сыйлығын жеңіп алады. Көркем жазулары Шыңжаң өлкесі көлемінде ұйымдастырылған «Хаткерлік бәсекелерінде» ылғи да сұлулығымен көрермендерін тәнті етіп, бәйге атаулыдан құралақан қалмай келеді. Ал, фотосурет туындылары «Қытайдағы ұлттар», «Ұлттар суретті журналы», «Шұғыла», «Шыңжаң суретті журналы», «Шыңжаң халықтық авиациясы», «Шыңжаң оқу-ағартуы» қатарлы мемлекеттік және өлкелік газет-журналдар бетінде жариялануы сиреп көрген емес. Соңғы он шақты жылда 2 мыңнан астам суреті жарық көрді.

Жас фотошы, әсіресе, шексіз-шетсіз табиғат әлемін аппараттың тар көзіне сыйғызуға құштар; жаз, қыс, көктем, күз маусымдарының өзінше сән құрған дара-дара көркіне ғашық; есте жоқ ескі замандар бейнесін қазіргі ұрпақтар санасына ұялататын тарих көріністеріне құмар; салт-сана, әдеп-ғұрып айшықтарына ынтық. Соның барлығының бейнесін табиғи қалпында, ішкі сырын көрсете кескіндеуге ұмтылады. Ол үшін төрт маусымда, күндіз де түнде қиранды қала, жаңа қала, жапан түз, тау, дала демей, жаһанкез болуға тура келеді. Бәрін де басынан қажымай өткеріп жүр. Оның әсем фотосуреттері «Шыңжаң келбеті», «Қазақ киіз үй мәдениеті», «Қазақ салт-санасы», «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» делінетін үлкен-үлкен фотосурет альманахтарынан мол орын алды. 2002 жылы «Алтын тау, күміс су – Алтай қаласы» атты ірі тұрпатты жеке фотосурет альбомы баспадан шықты.

1998 жылы Қытай мемлекеттік суретті журналдар бірлестігі мен Қытай журналистер қоғамы бірлікте өткізген «Мемлекеттік суретті журналдардағы туындыларды бағалау» да Жарқынның «Құштай қысы» тақырыбындағы тізбекті бір шоғыр фотосуреті бірінші дәрежелі бас бәйгені жеңіп алды. Қытайдың батыссолтүстігіндегі бес өлкенің суретті журналдарын бағалауда «Жұңғардағы байырғы тораңғы орманы» аталатын тағы бір топ фотосуреті үшінші дәрежелі сыйлық алды. Шыңжаңның ақпарат суретшілері қоғамы ұйымдастырған «Шыңжаңдағы бір күн» атты фотосурет бәйгесінде «Боғда көліндегі шетел саяхатшылары» және «Ана мейірі» атты суреттері «Таңдаулы туынды» сыйлығын қанжығасына байлады.

Жарқын Имаммәдіұлы қазір Шыңжаң суретшілер қоғамының мүшесі, Шыңжаң суретті журналы тілшілер бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қытайдағы қазақ фото өнері шеберлерінің көкірегінде қанат қағып жүрген жаңа бір арман бар. Ертіс пен Еділге, Алтайдан Оралға дейін көсілген ұлан-ғайыр ұлы мекеннің тарихы мен бүгінін, жарқын болашағын фотосуреттері арқылы күллі әлемге таныстыру, сөйлестіру. Қытай, Жапония, Түркия қатарлы алты ел бірігіп йұымдастырған халықаралық фотосурет көрмесіне Асылхан Бөгенұлының «Кербез Бурабай» фотосуретін ұсынуы және Жарқын Имаммәдіұлының 2003 жылы Қазақстанға ат басын арнайы бұрып, Көкшетау, Алматы, Сарыарқа тектес табиғаты көрікті алқаптардан ғажайып суреттер түсіріп қайтқаны соның айқын нысаны.

Биіктен-биікке самғап келе жатқан Қытайдағы қазақ фото өнеріне бұдан да кең, бүгінгісінен де заңғар сәт-сапар болғай! http://shalqar.kz/gazet/qytaydaghy-qazaq-foto-oeneri/

Мақала «Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағынан» алынды.

Фотография саласындағы қазақ тілді кітаптар жарық көрді — Фотоөнер 

Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағы / Құраст.: А.А. Әбдірайымұлы, Д. Балабекұлы. – Алматы: Дарын, 2022. – 457 б.

© Әбдірайымұлы А.А, Балабекұлы Д., 2022

ISBN © «Дарын баспасы» ЖШС, 2022

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *