Жамбылдық жас фотографтар куәлік алды

 Жамбылдық жас фотографтар куәлік алды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы саябақта мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиын барысында Техникалық шығармашылық орталықтың тәрбиеленушілері, оның ішінде «Фотография» үйірмесінің толық курсын тәмамдаған бір топ жас өрен арнайы куәлікпен марапатталды. Бұл туралы  photooner.kz сайты arainfo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Аталған үйірмені үйлестіруші, әрі оқытушы «Аr-Ai» жастар газетінің фототілшісі, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Алтынбек Қартабайдың айтуынша, биыл дәл осы шығармашылық орталықта бесінші толқын сала мамандары түлеп ұшуда.

– Фотография – ел ойлағандай жүрдім-бардым қарайтын, оңай еңсеретін мамандық емес. Бұл –тұнып тұрған шығарамашылықтың нағыз өзі. Мен осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқаныма жалпы алғанда ширек ғасырдан астам уақыт болды. Өкінішке қарай, аталған салада жыл өткен сайын кадр тапшылығы қатты байқалады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жыл сайын жас жеткіншіктерді кәсіби фотограф болуға баулып келеміз, – дейді Алтынбек Болатұлы.

Сонымен қатар  мерекелік бағдарлама аясында түрлі бағыттағы шебер-сыныптар өткізілді. Атап айтқанда, фельтинг техникасы, тоқу өнері, гипстен тұмар жасау және басқа да қолөнер түрлері бойынша балалар өз шеберліктерін көрсетіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Сондай-ақ, Робототехника, Әуеүлгілеу және Кемеүлгілеу үйірмелерінің көрмелері ұйымдастырылып, тәрбиеленушілер өздерінің техникалық жобалары мен шығармашылық жұмыстарын таныстырды. Көрме қонақтары жас өнертапқыштардың еңбектеріне қызығушылық танытып, олардың тың идеялары мен ізденістеріне жоғары баға берді.

Іс-шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, техникалық бағыттағы қызығушылықтарын арттыру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру болды.

Мерекелік күн көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, балалар үшін жарқын әсерге толы есте қаларлық сәттермен ерекшеленді.

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *