«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтті

 «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтті

Алматы қаласында Полиграфия колледжінің ғимаратында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы (офлайн және онлайн) өтті. 

Шараның модераторы, белгілі өнертанушы ғалым, журналист Сағатбек Медеубекұлы болды. Күн тәртібінде бірнеше мәселе талқыланды. Мәселен, жиналыста бірлестік жарғысына өзгерістер енгізу, құрылтайшылар санын реттеу, логотиптің жаңа нұсқасын талқылау, бірлестік серіктестерімен сұхбаттасу, «Сайлау Пернебав-85» жобасының жалғасын  жүргізу (колледж студенттері арасындағы фотобайқау) және бірлестікке жас фотосуретшілердің мүшелікке ұсыныстарын қарастыру мәселелері қаралды.

Биыл бірлестік мүшелерінің қатары жаңа құраммен толығып жатыр. Тіпті, бірлестік серіктестерінің де қатары ұлғайып келеді. Мәселен, бұл жолы серіктестер тарапынан Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары арихивінің Бас сарапшысы Жанай Омаров, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы Бас хатшысының Қазақстан бойынша кеңесшісі Қайрат Мұқанов, Қазақстан Авторлары Қоғамының өкілі Ануар Ерсұлтан мырзалар арнайы қатысып қайтты.

Қазіргі уақытта «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Авторлары Қоғамының арасындағы өзара мемарандумның шеңберінде, «Фотоөнер» бірлестігіндегі фотосуретшілердің авторлық құқығын қорғау бойынша үлкен шеңбердегі жұмыстар қолға алынып жатыр. Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы Бас хатшысының Қазақстан бойынша кеңесшісі Қайрат Мұқанов Түркі халықтары фотосуретшілерінің халықаралық қауымдастығын құру туралы ұсыныс тастады. Бірлестік төрағасы Фотографияның 200 жылдығына орай үлкен деңгейдегі шараларды өткізудің 2 жылдық жоспары бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, шарада бірлестік мүшесі Оңғарбек Алхаров 20 наурызда өтетін өзінің жеке шығармашылық көрмесі туралы шағын хабарлама жасады. Тура бір айдан кейін аталған фотокөрмесі Түркия астанасында жалғасатынын да жеткізді. Ал бірлестіктің Астанадағы мүшесі Мейірбек Тажқұранов «Фотоөнердің» жиындарын аймақтарда көшпелі отырыс түрінде өткізуді ұсынды. Ал бірлестік логотипін талқылау әлі де жалғасатын болады. Ұсыныстар мен пікірлеріңізді бірлестіктің WhatsApp-тағы чатында ұсынуларыңызға болады.

Бірлестік мүшелерінің офлайн және онлайн дауыс беру шешімімен құрылтайшылардың жаңа құрамы бекітілді, олар:

  1. Асылхан Әбдірайымұлы
  2. Сағатбек Медеубекұлы
  3. Нұрманбет Қизатұлы
  4. Нұран Аймбетов

Жиналыстың өтуін ұйымдастырған бірлестіктің белді мүшесі, өнертанушы, фотограф Оңғарбек Алхаровқа және Алматы Полиграфия колледжінің басшылығына алғыс білдіреміз!

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің әкімшілігі

Суреттерді түсірген — Дәурен Мақсұтханұлы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *