Қазақстандық фотосуретшілер тәуелсіздікке тарту жасады

 Қазақстандық фотосуретшілер тәуелсіздікке тарту жасады

Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруы және Қазақстан авторлары қоғамы мен ҚР Ұлттық кітапханасының қолдауымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағылымы-30» атты фотокөрмесі ашылды.

Көрмеге еліміздің егемендік алғаннан бергі тарихи оқиғаларды, ұлттық салт-дәстүрді, өңірлердегі тіршілікті назардан қалт жібермеген үздік фотожурналистердің туындылары қойылды. Шараның мақсаты – егемен ел ретіндегі отыз жыл ішінде фотосуретшілердің объективтеріне ілінген мемлекеттік, қоғамдық, саяси және рухани маңызы бар сәттер мен оқиғаларды келер ұрпаққа шежіре түрінде қалдыру.

Фотокөрмеге ұсынылған әрбір құнды суреттен халқымыздың азаттық алған жылдағы «ақ түйенің қарны жарылған» қуанышынан бастап, оны қалыптастырудағы сан қатпарлы жұмыстар мен сезімді селт еткізер сәттерді көрермен бір күнде тамашалап шығуына болады. Көрме бір ай бойына көрерменге ұсынылады.

Асылхан Әбдірайымұлы, «Фотоөнер» ҚБ-нің төрағасы:

˗ Тәуелсіздігіміздің 20, 25 жылдығынан бастап «Тәуелсіздік тағылымы» атты жобамыз сәтті жүзеге асып келеді. Аталған мерейтойлық жылдарда көптеген фотосуретшілеріміздің, ардагер ағаларымыздың суреттері қойылған еді. Бұл жолы 33 фотосуретшінің 100-ге жуық жұмысы қойылды.

Көрмеде тәуелсіздік жылдарындағы тарихи сәттер, ұлттық салт-дәстүр, мәдени және т.б. әр түрлі салалардың фотолары ұсынылды.

Елімізге танымал ағаларымыз — Қайрат Мұстафин, Сайлау Пернебаевтің, арамыздағы фотожурналистиканың ардагері-Нұрманбет Қизатұлы, Қалиғұмар Қабдешұлының жұмыстары  тарихи құндылығымен ерекшеленеді. Сонымен қоса, биылғы фотокөрмеде аймақтардан енді ғана қосылып келе жатқан жастарымыз — Салауат Жәнібекұлы (Маңғыстау облысы), Серікболсын Шерінің (Түркістан облысы) жұмыстары да көрермен көңілінен шықты. Бұл жеке адамның фотокөрмесі емес, топтық, кең ауқымдағы жұмыс. Сондықтан әр фотосуреттің өзіне тән бай тарихы бар, айтары бар. Ендеше, көрмеге келіп, көріңіздер!

Нұрманбет Қизатұлы, ардагер фотожурналист:

˗ Көрме-көңіліне көркемдік ұялататын дүние. Мен сол іздеп келгенімді осы жерден тапқандай болдым. Керемет дүниелер! Сонау, осыдан 50 жыл бұрынғы еңбек ерлері, ақын-жазушылар және т.б. өнер тарландарын көріп, солардың тосыннан түскен керемет көріністерін тамашалап, рахатқа баттым. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін!

Даяна Дәрібекқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультетінің 4-курс студенті:

˗ Біздің факультетте «Фотожурналистика» атты арнайы пән бар. Қазір бізде сабақ онлайн болғандықтан, фотографиялық жұмыстармен сырттай ғана танысатын едік. Дәл бұл көрме осы пәннен сабақ алып жатқан біз секілді студенттер үшін біріншіден фотосурет авторларымен жүздесуге, екіншіден суреттерді көзбен көріп, әр суреттің түсірілім ерекшеліктерімен қанығуға мол мүмкіндік берді. Сол үшін өте қуаныштымыз. Фотокөрмеге келіп, фотографтар еңбектерін тамашалап шығу керемет сезім екен!

Фотокөрмеге қатысқан фотосуретшілер мен белсене ат салысып қолдау көрсеткендерге ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.

ФОТОКӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛҒАН ЖҰМЫС АВТОРЛАРЫНЫҢ ТІЗІМІ:

Қайрат Мұстафин,

Рахымбай Ханалы,

Нұрғожа Жұбанов,

Қалиғұмар Қабдешұлы,

Иосиф Будневич,

Анатолий Устиненко,

Жақсылық Тұрлыбеков,

Сиез Бәсібеков,

Жүнісбек Пайызов,

Дендербай Егізов,

Сайлау Пернебаев,

Мұрат Мәмбетов,

Нұрманбет Қизатұлы,

Есімхан Орынбаев,

Советбек Мағзұмов,

Фархат Қабдықайыров

Айтжан Мұрзанов,

Юрий Беккер,

Александр Павский,

Сайлау Майлыбаев,

Ермек Сарбасов,

Ерлан Омаров,

Думан Құрманғалиев,

Аяужан Утеулинова,

Береке Сейітжаппар,

Жайлау Таласов,

Досжан Балабекұлы,

Жеңіс Ысқабай,

Мақсат Шағырбай,

Нахып Шынтеміров,

Марат Жүнісбеков,

Серікболсын Шері,

Салауат Жәнібекұлы,

Бағдәулет Әбдуәлі.

Суреттерді түсірген-Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *