ҚазҰУ-дың бас фотографы шеберлік сабағын өткізді

 ҚазҰУ-дың бас фотографы шеберлік сабағын өткізді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің үлкен залында 25 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстан Журналистер Одағы мен «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «ЮНЕСКО-ның фотографы» мәртебелі атағының иегері, ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бас маманы, университеттің бас фотографы Марат Кеңесұлы Жүнісбековтың (Mara Beey) болашақ журналистерге арналған шеберлік сағатын өткізді.

Шараны «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым-фотожурналист, факультеттің ұстазы Асылхан Әбдірайымұлы бастап, құттықтау сөзбен ашып берді.

Марат Кеңесұлы әңгімесін фотография атты құдіретті өнерді бала кезінен қалай қызығып, үйренгенін баяндаудан бастады. Ары қарай қазіргі кездегі әлемдік деңгейдегі іс-шараларда орын алған жайттарды айта келе, мысал ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қытай еліне жасаған сапарында орын алған естен кетпес қызықты сәттер жайында әңгімелеп берді.

Сондай-ақ мемлекетаралық деңгейдегі шаралардан фоторепортаж түсіру және оны БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы таратудың өзіндік ерекшеліктері мен маңыздылығына да тоқталды.

Сонымен қатар өзінің өнер жолындағы көрген-білгенін, көңіліне түйгенін жастарға кеңінен түсіндіріп өтті.

Одан кейін фотоаппараттың өзіне және оның түрлі объективтеріне тоқтала келе қолына фотоаппаратын ала салып, портрет түсірудің қыр-сырын залға жиналғандардың алдында паш етті.

Шеберлік сағаты барысында студенттер белсенділік танытып, өздері де фотосуретшінің кадрына ілігуге асықты.

Жүздесу соңында Mara Beey өзінің жасырған жұмбақты сауалдарына дұрыс жауап берген студентке сый-сиятпат жасауды да ұмытпады.

Осылайша Марат Кеңесұлы фотожурналистикаға қызыққан студент жастарды бұл өнерді тереңірек меңгеруге одан сайын ынтықтыра түсті…

Дәурен Мақсұтханұлы,

фотожурналист,

фотоларды түсірген автор

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *