Академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына – 90 жыл

 Академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына –  90 жыл

Бүгін техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА және ҚР ҰҒА академигі, көрнекті механик-ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының ғылымы мен жоғары білімінің ірі ұйымдастырушысы, ҚазКСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлының туғанына 90 жыл. 

Академик Ө.А. Жолдасбеков – Қазақстан жоғары мектебінің дамуына негіз болған бірегей тұлға. Бүгінде студенттерді даярлайтын жаңа мамандықтар мен ғылыми бағыттар оның есімімен тікелей байланысты. Ғалымның басшылығымен ЖОО жаңа зертханалар, кафедралар, ғылыми орталықтар, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Инженерлік академиясы құрылды. Қазақстандағы студенттердің символына және әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстанның ғылымы мен білімінің белгісіне айналған бірегей кампус – ҚазҰУ қалашығының негізі осы білім ордасына Өмірбек Жолдасбековтің басшылық еткен тұста қаланып, бой көтерді.

Өмірбек Арысланұлы 1970 жылы еліміздегі ең ірі және ең байырғы жоғары оқу орны – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Оның басшылық еткен жылдарда университет КСРО-дағы үздіктер университеттер қатарына кірді және жоғары оқу орындарының әлемдік қоғамдастығында танымал болды.

Өмірбаяны

  • Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1954).
  • 1954 – 58 жылдары Қазақ химия-технология институтында оқытушы, аға оқытушы, механика факультетінің деканы,
  • 1958 – 62 жылдары Мәскеу тоқыма институтының аспиранты, ассисенті,
  • 1962 – 70 жылдары Қазақ политехникалық институтында (қазіргі ҚазҰТУ) аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқарды.
  • 1970 – 86 жылдары Қазақ мемлекеттік университеттінің (қазіргі ҚазҰУ) ректоры қызметінде болып, осы оқу орнының Кеңес Одағындағы жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналуына елеулі үлес қосты. ҚазМУ қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа кафедралардың ашылуына басшылық жасады.
  • 1986 – 88 жылдары осы оқу орнының қолданбалы механика кафедрасында меңгеруші,
  • 1988 – 94 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Механика және машинатану институтында зертхана меңгерушісі, директор, құрметті директор қызметтерінде болды.
  • 1994 – 95 жылдары республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитет төрағасы,
  • 1995 – 96 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты,
  • 1996 жылдан өмірінің соңына дейін Парламент Мәжілісі депутаты, әрі ондағы Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрағасы болды. Жолдасбеков дүние жүзі мойындаған ғалым ретінде Халықаралық инженер академияның вице-президенті болып сайланды (1991).
  • 1993 жылы Ислам елдері инженер академиялары федерациясының вице-президенті,
  • 1997 жылы Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі болып сайланды.

Ғылыми саладағы еңбектері

Қазақстан Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Ол жазық рычагты жоғарғы класты механизмдер кинематикасыкинетостатикасы, серпімді буынды механизмдер динамикасы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жазық және кеңістіктік жоғары класты механизмдер мен манипуляциялауыш құрылғылардың графиктік-аналитикалық және аналитикалық теориясын негіздеді. Соның нәтижесінде Жолдасбековтің басшылығымен әлемдік практикадағы теңдесі жоқ түбірінен жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейдерлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғылар жасалынып, өндіріске енгізілді.

Жолдасбеков қазақ ғалымдары арасында бірінші болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасады, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазды. Аталған ғылым салалары бойынша ғалымның 400-ден аса ғылыми еңбектері (оның 70-тен астамы шет елдерде басылып шықты), 12 монографиясы жарық көрді. 30-дан аса оқулықтар мен оқу құралдарының, 126 авторлық куәлік пен шетелдік патенттердің авторы атанды, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды.

Марапаттары

  • Қазақстан Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1983).
  • Ленин орденімен
  • 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен
  • көптеген медальдермен, оның ішінде Халықаралық және ресейлік ғылым-инженер бірлестіктердің Г.В.Шухов атындағы алтын медалімен (1992),
  • әл-Хорезми атындағы халықаралық фестивальдің алтын медалімен (1994),
  • Халықаралық инженер академияның күміс медалімен (1997) марапатталған.

Суреттер «Қазақ университеті» газеті редакциясының мұрағатынан алынды

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *