Алматыда «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты монографияның таныстырылымы өтеді

 Алматыда «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты монографияның таныстырылымы өтеді

2024 жылғы 30 сәуір күні сағат 10:00-де, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында (Алматы қаласы, Абай даңғылы, 14) «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты монографияның таныстырылымы өтеді.

Шараны ұйымдастырушылар: «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы.

Монографиялық еңбекте авторлар «тәтті» фотодан алыстау жүріп, мән-мазмұны бар «ащы» фотоға, яғни деректі фотоға келуге шақырады. Кітапта деректі фотоның маңызы мен тарихы әр кезеңдегі авторлар мен олардың туындылары көрнекілік ретінде көрсетіле отырып, егжей-тегжейі сөз болады. Сонымен қатар қорытынды бөлімде деректі фотоның еліміздегі беталысы және оның сапалы дамуына жасалған алғашқы жобалардың нәтижелері ұсынылады.

Классикалық ақ-қара түсте жарық көрген бұл кітап: ««Тәтті фото» мен «Ащы фото» терминдерін ғылыми айналысқа енгізу жолдары», «Әлемдегі деректі фото жағдайын талдау» және «Қазақстандағы деректі фотоның даму көкжиегі» атты негізгі үш тараудан, сонымен қатар авторлық тұжырым мен библиографиялық тізімдерден құралған.

Фотография саласы бойынша қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп отырған монография студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, зерттеушілерге және фотоөнерге қызығушылық білдірген қалың оқырман қауымға арналған.

320 беттен тұратын ғылыми еңбек «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Дарын» баспасынан таралымы 500 данамен жарық көрді. Кітаптағы баға жетпес кейбір құнды фотосуреттер ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің қорынан алынды.

Ғылыми еңбектің авторлары: Асылхан Әбдірайымұлы, Серік Мұқышұлы және Дәурен Мақсұтханұлы кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ мен «Дарын» баспасына алғыс білдіреді.

Шара аясында «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған «Деректі фото» біліктілікті арттыру курсының нәтижесі жарияланып (фотокөрме), үздіктері арнайы Сертификаттармен марапатталатын болады.

Ұйымдастыру комитеті

Тел: + 7 777 216 27 81,+7 707 548 95 05     E-mail: dauryatm@gmail.com

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *