Алматыда «Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» атты көрме мен дөңгелек үстел өтеді
2026 жылғы 27 сәуір күні сағат 11:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен әлемдік фотография өнерінің 200 жылдығына арналған ерекше мәдени-танымдық шара өтеді.
Аталған жиын Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, қазақ фотожурналистикасының ардагері, кәсіби фототілші Нұрманбет Қизатұлының 85 жас мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Іс-шара аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, фотокөрменің салтанатты ашылуы болады.
Көрме «Жасампаз» галереясында ұйымдастырылып, онда ардагер фототілшінің жарты ғасырға жуық шығармашылық жолынан іріктелген 50-ге жуық фототуындысы көпшілік назарына ұсынылады. Оның еңбектерінде туған өлкесінің тау-тасы, табиғаты мен адамдары ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысы мен халықтың жан дүниесі көрініс тапқан. Әрбір кадр – уақыттың қатпарынан сыр шертетін тірі шежіре, үнсіз сөйлейтін тарих.
Нұрманбет Қизатұлы өз шығармашылығында ұлтымыздың ұлы тұлғаларының рухани мұрасын дәріптеп, ел өмірін байытқан қайталанбас фотожылнамалар жасай білді. Ол әрдайым мансаптан гөрі ел мүддесін жоғары қойып, бар ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған фототілші.
Шараны белгілі өнертанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы жүргізеді. Дөңгелек үстелге отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, фототілшілер, медиа өкілдері және студент жастар қатысады.
Іс-шараны республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультетімен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Сондай-ақ мерейтойлық шараға Нұрманбет Қизатұлының еңбек жолы өткен Жетісу облыстық «Жетісу», Алматы облыстық «Алатау арайы» газеттері мен туған жері – Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігі қолдау білдіруде.
Бағдарлама барысында баяндамалар оқылып, ізгі тілектер айтылып, қазақ фотоөнерінің өткені мен бүгінгі даму үрдістері кеңінен талқыланбақ.
Мекен-жайы: Абай атындағы ҚазҰПУ,
Өнер факультеті, «Жасампаз» галериясы, 7-аудитория
(Ш.Әуелиханов көшесі, 64 А, Қазыбек би көшесінің қиылысы), Алматы қ.
