Әлем таныған фотографтың шеберлік сағаты өтті

 Әлем таныған фотографтың шеберлік сағаты өтті
16-наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен әлем таныған фотограф Фархат Құрметұлы Қабдықайыровтың шеберлік сағаты өтті.
Сенбі күні болса да елу минутқа жоспарланған  Фархат Қабдықайыровтың шеберлік дәрісі екі сағатқа жуық уақытқа созылды. Журфактың ұстаздары, магистранттары мен студенттері және сырттан келген меймандар (фотографтар, басқа жоғары оқу орындарының студенттері) үшін қызық болған сияқты тапжылмай отырып тамашалады. Тіпті кездесу аяқталған соң кейбір студенттер «Фархат аға өз шығармашылығы жайлы өте тартымды баяндағаны соншалықты тыңдап отырып, сұрақ қоюға уақыт жетпей қалды» деп мұңайды.
Шеберлік сағатын ресми түрде ашып берген факультет деканы Темірғали Көпбай және кафедра меңгерушісі Айгүл Рамазан бастаған ұстаздар қауымы да басынан соңына дейін ерекше дәрісті ықыласпен тыңдады.
1961 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Фархат, М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде білім алып, физика-математика ғылымдарының кандидаты атанады.
Ол бала кезінен әртүрлі көбелектерді жинап, олардың әдеміліктерін сақтап қалу үшін суретке түсірумен айналыса бастайды.
Мәскеуде оқып жүріп жаңа фотоаппарат, объектив немесе ұлғайтқыш сатып алу үшін көше тазалаушы, жүк тиеуші сияқты түрлі жұмыстар істеген. Оқуын бітірісімен Қазақ КСР ҒА-ның Математика институтында инженер, 3 жыл аға ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады. Одан кейін Әдебиет және өнер институтына фотограф болып орналасады.
Фархат Құрметұлы негізі фотоға түсіру кәсібін 1977 жылдан Кеңес дәуірінде ақ-қара пленкадан бастаған. Батыс журналдарынан ақ-қара және түрлі-түсті пленкаларға арналған материалдарды жинап, Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханада қалай және не түсіру керек, қандай фильтр қолдану керектігін оқып, өз бетімен ізденіс жасайды.
Фархат Құрметұлы бүгінде Nikon сынды әлемдік марканың ТМД көлеміндегі бас сарапшысы. Яғни осы бренд шығарған әрбір өнімді сынақтан өткізіп, өз пікірін білдіріп отыратын санаулы жоғары класты маманның бірі. Қазіргі таңда әлемдегі ең мықты камералармен жұмыс жасайды, сондай-ақ ең жақсы неміс және жапон оптикасын пайдаланады.
Жақында ғана дүниеге мәлім бренд Xiaomi да ұсыныс жасапты, енді бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.
Шеберлік сағатының соңында Темірғали Мұратбекұлы Фархат Құрметұлына ұжым атынан ризашылық білдіріп Әбу насыр әл-Фарабидің «Бақыт туралы кітап» атты еңбегін сыйға тартты.
Фотоларды түсірген — Дәурен Мақсұтханұлы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *