ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАРМЕН КЕЗДЕСУ

 ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАРМЕН КЕЗДЕСУ

Сәуір айының соңында тамырлас Түркия мемлекетінен фотография саласының майталмандары Мимар Синан университетінің профессоры Озан Билгисерен және «FOTOSFER» халықаралық фотофестивалінің арт-директоры Мұрат Гүр Қазақстанға ат басын тіреді. Аталмыш тұлғалармен кездесу Алматы полиграфиялық колледжінің қабырғасында өткен болатын.

Кездесуде Түркиядан келген меймандармен бірге еліміздегі фотография саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Нұрманбет Қизатұлы, Асылхан Әбдірайымұлы, Фархат Қабдықайыров, Оңғарбек Алхаров, Серік Мұқышұлы, Дәурен Мақсұтханұлы және басқа да осы саланың майталмандары бас қосты.

Еркін форматта өткен кездесудің басты мақсаты фотография саласын меңгерген мамандармен пікір алмасу, екі елдегі осы саланың дамуын бағалау. Басқосудағы таныстықтан кейін Мұрат Гүр мен Озан Билгисереннің тың туындылары көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар қонақтарға да, Қазақстанға танымал белгілі фотосуретші, математика ғылымдарының кандидаты Фархат Қабдықайыровтың шығармалары көрсетілді. Басқосуға жиналғандардың әрқайсысы өз пікірін білдіріп, ойларын ортаға салды.

Кейін, келген қонақтарға «Aidahar Premium» фотостудиясының жетекшісі Оңғарбек Алхаров бастаған фотографтар қазақы киімдерді кигізіп фотосессия жасады.

Меймандарға жапқан шапан, киген бөрік, қолдарындағы қылыш пен садақтары құйып қойғандай үйлесім тауып тұрды. Қонақтар киімді киген кездегі ерекше әсерлерімен бөлісіп, қуаныштарын жасырып қала алмады.

Фотосессиядан соң, 2017 жылы Әлемнің үздік 10 фотографының қатарына енген, белгілі фотоөнертанушы Серік Мұқышұлының таңғажайып туындылары қонақтардың назарларына ұсынылды. Әр суретінде тұтас тарих жатқан фотомаманның туындылары меймандардың таңдайын қақтырды. Кезекпен кезек әр сурет жайлы көкейлеріндегі сауалдарды жолдап фотограф еңбегін шеберлік деп бағалады.

Фотографияның қыр-сырына тереңнен үңілген соң қонақтарға киіз үй төрінен орын беріліп, ақ дастарханнан ұлттық дәмдер ұсынылды.

Артынан, АПК колледжінің басшысы, техника ғылымдарының кандидаты Билалдин Ахметов пен «Aidahar Premium» студиясының жетекшісі, фотограф Оңғарбек Алхаров естеліктер табыстаса,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ұстазы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы түркиялық бауырларына адамзаттың Екінші Ұстазы атанған ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала. Музыка туралы кітап» және «Бақыт туралы» құнды еңбектерін кәдесый ретінде сыйға тартты.

Елімізге алғаш рет аяқ басқан, Мұрат Гүр мен Озан Билгисерен қонақжайлыққа ризашылықтарын білдіріп, ыстық ықыластарын жаудырды. Сонымен қатар, фотографтардың еңбектерін жоғары бағалап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Алдағы уақытта бірлесіп тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасағылары келетін тілге тиек етуді ұмытпады.

Назерке Силыбаева

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *