Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнері
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен әлемдік фотография өнерінің 200 жылдығына арналған ерекше мәдени-танымдық шара өтті.

Аталған жиын Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, қазақ фотожурналистикасының ардагері, кәсіби фототілші, ақын, киноактер Нұрманбет Қизатұлының 85 жас мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Іс-шара аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» тақырыбында алқасөз өткізіліп, фотокөрменің салтанатты ашылуы болды.

Көрме «Жасампаз» галереясында ұйымдастырылып, онда ардагер фототілшінің жарты ғасырға жуық шығармашылық жолынан іріктелген 50-ге жуық фототуындысы көпшілік назарына ұсынылды. Оның еңбектерінде туған өлкесінің тау-тасы, табиғаты мен адамдары ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысы мен халықтың жан дүниесі көрініс тапқан. Әрбір кадр – уақыттың қатпарынан сыр шертетін тірі шежіре, үнсіз сөйлейтін тарих.

Шараны белгілі өнертанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы жүргізеді. Кездесудің ашылуында «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Әбдірайымұлы ардагер фотожурналистің шығармашылығын ерекше атап өтті. «Нұрманбет Қизатұлы өз шығармашылығында ұлтымыздың ұлы тұлғаларының рухани мұрасын дәріптеп, ел өмірін байытқан қайталанбас фотожылнамалар жасай білді. Ол әрдайым мансаптан гөрі ел мүддесін жоғары қойып, бар ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған фототілші», — деді Асылхан Әбдірайымұлы.

Жиында жасанды интеллект дәуіріндегі фотоөнердің әр түрлі философиялық, этикалық мәселелері мен технологиялық алғышарттары, мүмкіншіліктері туралы сөз болып, тақырып Қизатұлының шығармашылығы негізінде талданды.
Алқасөзде отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, фототілшілер, медиа өкілдері және студент жастар қатысты.

Іс-шараны республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультетімен бірлесіп ұйымдастырды.
Алқасөзде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Әбдірайымұлы бірлестік атынан мерейтой иесіне Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Кездесудің ашылуында Абай атындағы ҚазҰПУ тарапынан сөз сөйлеген Өнер факультетінің деканы Кәрім Байқұтов биылғы Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» елімізге үлкен серпіліс беріп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жасанды интеллект адамзатқа жаңа мүмкіндіктер ашты. Дегенмен қандай технология дамыса да, шынайы өнердің негізінде адамның көзқарасы, жүрегі мен жауапкершілігі жатады.
– Камераның тетігін техника басуы мүмкін. Ал тарихтың тамырын сезіну суреткердің ғана қолынан келетіні сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі басқосу өте өзекті. Фотография өнерін қазіргі жасанды интеллект дәуірінде қалай басқару керек осы жөнінде кеңінен қозғайтын боламыз, – деді Кәрім Байқұтов.
Сондай-ақ мерейтойлық шараға Нұрманбет Қизатұлының еңбек жолы өткен Жетісу облыстық «Жетісу», Алматы облыстық «Алатау арайы», Жамбыл аудандық «Атамекен» газеттері ақпараттық қолдау білдірді.
Бағдарлама барысында баяндамалар оқылып, ізгі тілектер айтылып, қазақ фотоөнерінің өткені мен бүгінгі даму үрдістері кеңінен талқыланды.

Досжан Балабекұлы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия кафедрасының
доцент міндетін атқарушы, PhD
Фотосуреттерді түсірген — Серік Иманқұлов, Абай атындағы ҚазҰПУ Бас фотографы
