«Жауынгерлік достастық – 2023» оқу-жаттығуы

 «Жауынгерлік достастық – 2023» оқу-жаттығуы

«Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығуын өткізу төрт кезеңге жоспарланған. Алғашқы кезеңде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері бөлімшелерінің жеке құрамы дабылмен көтеріліп, «Сарышаған» полигонындағы оқу-жаттығу ауданына әскери эшелон арқылы бөлімшелері мен арнайы жауынгерлік техникаларын жеткізді.

Екінші кезең аясында басқару органдары мен әскерлерді ұрыс қимылдарын жүргізуге даярлау жүргізіледі. Штабтар жоспарлауды жүзеге асырып, оқу-жаттығудың жауынгерлік құжаттары әзірленетін болатын. Оқу-жаттығудың белсенді кезеңінде Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жауынгерлік есептоптары түрлі, оның ішінде зениттік зымыран кешендерінің заманауи үлгілерінен практикалық атыстарды орындайтын болады.

Қазақстандық әуе шебін қорғаушылар алғаш рет биылғы жылдың басында қабылданған ТОР-М2 зениттік-зымырандық кешендерін жауынгерлік мақсатқа қолданатын болады. Аталған кешен өз класындағы ең озық әуе қорғанысы құралдарының бірі болып табылады.

Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары жойғыш ұшақтар мен тікұшақтарда басқарылатын және басқарылмайтын зымырандарды, сондай-ақ авиациялық бомбаларды пайдаланып, күндіз-түні авиациялық зақымдау құралдарын қолдана отырып ұшуды пысықтайды.

Жауынгерлік атыстарды қамтитын «Жауынгерлік достастық» бірлескен оқу-жаттығуы бірінші кезекте Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері әскери қызметшілерінің кәсіби дағдыларын, олардың жауынгерлік үйлесімділік деңгейін арттыруға бағытталған. Оқу-жаттығуға 1000-нан астам әскери қызметші, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің 400-ге жуық арнайы жауынгерлік техникасы және жойғыш ұшақтарды, тікұшақтарды және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қоса алғанда, 30-дан астам авиациялық техника жұмылдырылғанын атап өту қажет.

Суреттерді түсірген-Думан Жұмашұлы

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *