Фотография жанрлары

 Фотография жанрлары

Фотография жанрлары, негізінен алғанда: портрет, пейзаж, архитектуралық (сәулеттік) түсірілімдер, интерьер (ғимараттың ішкі көріністері), жанрлық фотография (тақырыптары: балалар, спорт, жануарлар т. т.), фоторепортаж сияқты түрлерге бөлінеді.

Алайда, фотография өнерінің жанрларын осылармен ғана шектеуге әсте болмайды. Мәселен, қазіргі кезде ғылыми фотография, ғарыштық фотографиялар кең етек жайған. Сонымен қатар кей кездерде аталған жанрлардың өзара астасып, бір-біріне сіңісіп кететінін де ескеру керек (Мәселен, қалалық пейзажда сәулет пен табиғат көріністері ұштасып жатады).

Фотографиялық портрет

Сурет ғаламтордан

Фотопортрет жанрында фотосуретшінің мақсаты – жеке адамның ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, көңіл-күйін, т.б. сыртқы бет-әлпетімен, кескін келбетімен үйлестіре отырып көрсете білу.

Оларды жай адам байқамауы немесе көре алмауы мүмкін. Бұл, әрине, оңай емес, яғни нағыз шебердің ғана қолынан келетін үлкен өнер.

Пейзаж

Фото: Досжан Балабекұлы

Қазіргі уақыттағы  өте кең таралған жанрдың бірі. Бұл жанрда өзін байқап көрмеген фотосуретші жоқ шығар.

Табиғаттың сұлулығын, ауыл мен қалалардың көрінісін, егіндік алқаптардың, өзен, көл, теңіздердің керемет құбылыстарын көріп тұрып, суретке түсірмеу мүмкін емес.

Архитектуралық, яки сәулеттік түсірілімдер

Фото: Досжан Балабекұлы

Архитектуралық фототүсірілім үш тарапта: жеке шығармашылық, яғни фотоөнер туындысы түрінде, қазіргі қалалық не өндірістік пейзаждың бір түрі ретінде және құжат, яки естелік кескін ретінде қарастырылады.

Архитектуралық ескерткіштердің фотографиялары, сайып келгенде, сәулет өнерінің туындысын фотография тіліне аудару болып табылады. Сәулет өнері қоғамның болмыс-бітімін бедерлеп, елдің экономикалық һәм рухани дамуының деңгейінен хабар беретінін және заманның  эстетикалық талаптарын айшықтайтынын ескерсек, фотографияның бұл жанрының танымдық рөлі де ерекше екені өздігінен түсінікті болса керек.

Интерьер

Сурет ашық дереккөзден

Бұл жанрдың архитектуралық түсіріліммен көптеген ұқсастықтары бар. Көп жағдайларда фотосуретші интерьерді бейнелеу үшін барлық заттарды барынша нақты, дәлме-дәл көрсеткісі келеді.

Мұндай жағдайда фотоэтюдты да қолдануға болады. Жалпы, бұл жанрда кей жағдайда әрбір детальді тәптіштеп, анық көрсету қажет те емес. Себебі жабық бөлменің ішіндегі қабырғаларды толық қамту өте қиын, сол себепті алдыңа қойған мақсатқа жеке көрініс (фрагмент) арқылы қол жеткізуге де болады. Фотограф көрермен назарына ең қажетті, қызықты әрі негізгі бөлшектерді тарта білсе болғаны.

Фотографияда интерьер табиғи және жасанды жарық түсуіне байланысты да бөлінеді.

Жанрлық фотография

Қазіргі кезеңдегі фотографияда жанрлық түсірілімдер үлкен орын алады. Олардың түрлері:

Балалар түсірілімі – фотоөнердің алғашқы кезеңдерінен бері балалар тақырыбы кең тараған. Өмірге жаңадан келген нәрестенің әр сәті өте қызық және табиғи.

Балалар бір жағынан тез өсіп, өзгеріп отырады, осылардың барлығын қапысын тауып, суретке түсіре білу де бір ғанибет. Бұлардың бәрі қайталанбас сәттер, бақытты кезеңдердің қас қағым көріністер ретінде ұзақ сақталары хақ.

Спорттық тақырыптар негізі жанрлық фотографияға тиесілі, тек кейбіреулері ғана, аса қажеттілікке байланысты фоторепортаж жанрына жатуы мүмкін.

Спорттық жанрларды түсіру кезінде спортшы қозғалыстарының қызықты, тартымды сәттерін таңдап алу керек, тек содан кейін ғана фототүсірілімге кіріскен жөн.

Фото: tion.ru

 Жануарлардың фототүсірілімі. Кез келген жануарларды бақылаушы адам олардың қуанышқа, қайғыға, аналық қасиеттерге қаншалықты сезімтал екендігін жақсы біледі. Сол үшін жануарларды суретке түсіру кезінде оларға сүйіспеншілікпен, мейірімділікпен қарау керек. Жануарлар әлемі — табиғаттың өте күрделі жаратылысы.

Фоторепортаж. Қазіргі фотография тәжірибесінде бұл жанр арнайы орын алады.

Фоторепортаж – бүгінгі күннің фоторепартерлерінің негізгі жұмысы. Бұл термин фотографияға журналистикадан енді. Ол–белгілі оқиғаның мағлұматын жеткізу үшін, фоторепортердің өз көзімен көргені.

Фоторепортаждың негізгі ережесі – болып жатқан оқиғаны өмірдің ағымына араласпай, сырттан бақылай отырып қаз-қалпында беру, деректілікті (документальность) қатаң сақтау. Кейбір жағдайларды жасырын, байқатпай түсіруге, ал қалғандарын аппаратпен оқиғаның ортасында жүріп түсіруге болады. Негізгі сәттерді өткізіп алмау үшін әрдайым дайын болғаны дұрыс.

Сәттердің күрт өзгеріп отыруына орай қажет деген бір көріністерді жеке алып, оны үлкейтіп те қарау керек болуы мүмкін, бірақ ондай жеке көріністер де жалпы жағдаяттан (қай жерде, қанша адам) хабар беріп, оқиғаны сипаттау үшін қажет екенін ескерген абзал.

Әрдайым түпкілікті мақсат түсірілімнің өзі емес, оның не үшін, қандай мақсатта жасалатынын айқындау қажет.

Папарацци жанры

Итальян тілінен аударғанда «paparazzo» — жабысқақ, қадалған жерден қан алатын ерекше ызыңды масаның түрі.

Термин дәл осы мағынасында 1960 жылдан, Федерико Феллинидің «Тәтті өмір» фильмі жарыққа шыққан күннен қолданысқа түсті. Фильмнің бас кейіпкерінің досы–фотограф Папараццо. Ол – Ф.Феллинидің Тацио Секьяроли есімді атақты фотограф досының прототипі. Режиссер бұл кейіпкерді өте мазасыз, қадалған жерінен қан алатын, масаға ұқсайтын персонаж ретінде көрсетеді. Феллинидің айтуынша, сыныптастары оның мектепте бірге оқыған досын тез сөйлеу мәнері үшін «Папараццо» деп атап кеткен. Кейінірек сөз тек папараццо дегеннен көпше түрдегі папарацци сөзіне ауысты. Ол барлық тілде бір мағына – атақты адамдарды аңдып жүріп, әртүрлі жағдайда фотоға түсіретін фотограф дегенді білдіреді.

Кей деректерге қарағанда, 1997 жылы 31 тамызда Парижде болған, Диана ханшайымның қаза тапқан жол апаты папараццидің кесірінен болған. Алайда, 2008 жылы сот ханшайымның ішімдік ішкен жүргізушінің кесірінен қаза тапқанын анықтаған. Сондықтан папараццидің еш қатысы болмауы да мүмкін.

Имидждік (жарнамалық) фотография

Біз ақпараттың 95%-ына көзіміз арқылы қол жеткіземіз. Осыдан біз жарнамалық компанияның негізі көрсетілетін ақпараттарда жатқандығын көруімізге болады. Көрсетілетін жарнаманың негізгі бөлігі басып шығару болып табылады. Фотосуреті бар жарнама түрлері өте тартымды көрінгенімен, ол әрдайым эффектілі  бола бермейді.

Жарнамалық фотография  — фотоөнерді игерудің шыңы . Жарнамалық фотография(«Коммерциялық фотография») барлық фотография жанрларын қамтиды:

  1. Каталогтік фотография
  2. Имиджтік фотография
  3. Заттық фотография
  4. Интерьерлік фотография
  5. Іскерлік портрет
  6. Саяси портрет

Каталогтық тақырыптан ерекшеленетін портреттік рекламалық  киім,әшекей бұйымдардың және аксессуарлардың  фотографиясын бөлек алып қарастырсақ болады. Осындай фотографиялар каталогтарда емес,журналдардағы  жарнамаларда кеңінен қолданылады. Олар тек қана тауарды көрсетіп қана қоймай, оның имиджін қалыптастырады.

Осы тектес фотографиялардың бір ережесі болып адамның көзқарасы камераға емес  таурға қарауында болып табылады. Адамның көзі – жан дүниесінің айнасы және сол туралы алғашқы ақпараты. Сол себептен адамның қараған нүктесі потенциалды клиенттердін назарын өзіне аудармай қоймайды. Кей кездерде фотографияның осындай жанрында адам  көрсетілмейді немесе ол адамның тек бір бөлігі ғана көрсетіледі.

Каталогтық фотография

Каталогтық және пәндік фотографияның негізгі функциясы – өндірушілердің сайттарын, тауарлардың және қызметтердің дистибьютерін, интернет магазиндерін жарнамалайтын өте эффектілі тауар жарнамасы.

Профессионалдық тілде каталогтық фотография деп аталатын жанр фотографияны қандайда бір мән беріп түсірмейді, ол тек қана тауарды көрсетеді. Оларға мысал ретінде : канцелярлық тауар,сувенирлер, әшекей бұйымдары ,электрондық техника, интерьер құралдары,   киім түсірілімдерін жатқызсақ болады. Осыдан біз тауарға арналған  заттық жарнамалық фотография мен киімге арналған имидждік жарнамалық фотография арасындағы айырмашылығын байқасақ болады.

Имидждік фотография мақсаты фотосуреттердің көмегімен компанияның корпоративтік имиджін қалыптастыру және қалыпта ұстап тұру.

Имидждік фотографияда портреттік және топтық түсіріліммен қоса фоторепортаж айлалары да қолданылады(Белгілі бір құбылыстарды, келіссөздерді, жасап шығару процесстерін түсіру).

Репортаждың белгілі бір қатаң регламенттері болмайды, оның басты міндеті болып жатқан істі фотография түрінде көрсету. Репортаждық фототүсірілімдерде негізінен процесс бейнеленеді, фотодағы адамдар камераға қарамайды. Осындай фотографиялардың публикациясы тұтынушыларға сенім ұялатады. Сондықтан да осы тектес фотографиялар PR(пиар) мақсатында қолданылады.

Осындай суреттер бұқаралық  коммуникация құралдарындағы пресс-релиздерге немесе компания сайттарының жаңалықтық бөлімдеріне жіберіледі .

Имидждік жарнаманың тағы бір айырмашылығы ретінде компанияның басшылары бар портреттік фотоның болуы(жұлдызы, жұмысшысы,директоры т.б ). Имидждік жарнаманы  көбінесе банктер қолданады.

Заттық фотография

Бұл фотографиялық жанр жарнамаланып отырған тауардың сыртқы характеристикасын, дизайнын, конструкциясын, артықшылықтарын көрсету немесе жарнамалау мақсатында қолданылады.Бұл процесс кезінде ең алдымен тауар және оған кіретін заттар ортақ бір композицияда болатындай етіп фотоға түсіріледі. Бұл фотосурет максималды жақсы ракурста болуы тиіс. Және де бұл тауардың маңызды функционалдық қабілеті және бәсекелестердің тауарынан айырмашылығы жайлы фотография арқылы жеткізілуі қажет.

Жарнамаланып отырған объектінің  фотографиясы буклеттер, интернет магазиндердің сайты, каталогтар, көркемөнер альбомдары, постерлер және плакаттар үшін қажет. Көп жағдайда жарнамаланып отырған  тауардың ең негізгі артықшылықтарын буклеттік  немесе каталогтық фотографиялар арқылы көрсете аламыз. Клиент болашақ тауарының фотографиясын тамашалай отырып қана тауарды сатып алу немесе сатып алмау  туралы белгілі бір шешімге келеді.

Керек жағдайда заттық стол, макрообъктив, фильтрлер,көлеңкесіз куб, әртүрлі жарық көздері, түрлі-түсті фондар сияқты қосымша жабдықтар мен арнайы қондырғылар қолданылады. Түсірілім кезінде міндетті түрде фотограф  артық шағылысқан жарықтарды алып тастап, фотоның көлеміне,тереңдігіне және фактурасына назар аударуы тиіс.

Әдетте бұл жанрда объект  болып эффективті дизайны бар автокөлік және тұрмыстық техника жарнамаланады.

Заттық түсірілім  қандай да бір мән беру үшін де қолданылады.

Заттық фототүсірімде спецификалық бағыт фудстайлинг болып  табылады. Фудстилисттер – тамақтану заттарын өте пайдалы түсте ұсына алатын жарнамалық фотография мамандары.

Оған мысал ретінде сырт келбеті көз тартарлық емес натуралды заттарды өңдеп, оған қанық әрі жарқын түс береді және т.б.

Интерьерлік фотография

Интерьерлер дизайны, жиһаз және аксессуарлар жасау сферасында жұмыс жасайтын мекемелерде, белгілі бір тауар жайлы ақпарат беру үшін жиі қолданылады. Интерьерлік фотографияның негізгі техникалық проблемасы – объектілердің өте кең диапазонды жарқын  болуы, жарық көзінен түскен сәуленің шамадан тыс жарық болуы және көлеңкелердің терең болуы жатады. Осыған байланысты интерьерлік фотография 2 әдіс арқылы түсіріледі:

-қосымша жарық көздері жарқылын пайдалану(әдетте өзінің күшті жарық көзін әлсіздеу жарық көзіне аустыру арқылы болады )

— HDRI технологиясын қолану арқылы. Екі әдіс те фотографияның көлеңкесін жақсартады. Бұл әрине жоғары контрастлық интерьерлер үшін өте маңызды.

Интерьерлік фототүсірілім үшін кең бұрышты объективтер қолданылады. Оған мысал ретінде    180 градуста түсірілетін «Рыбий глаз» объективтерін жатқызсақ болады. Бұндай объективтер кеңістікті аздап бұрмалап көрсетеді, сондықтан бұндай суреттерге компьютерлік түзетулер енгізіледі.

Архитектуралық түсіріліммен көбінесе ғимараттар құрылысы, бөлмелерді сәндеумен айналысатын мекемелерде қолданылады. Осы түсірілімдер арқылы мекеме өз имиджін қалыптастырады. Архитектуралық фототүсірілімде ең бастысы өлшем эталоны ретінде адамның бейнеленуін естен шығармағанымыз жөн.

 

Іскерлік портрет

Кез келген компанияда, фирмада, кәсіпорында өзінің ұсынушысы, бет бейнесі болады.

Потенциалды серіктестер және тұтынушылар ең алдымен осы ұсынушыларды көргілері келеді.

Компанияның бетке ұстар азаматтарының, басшыларының портреті – компанияның имиджі және оның көркі. Компанияның резиденттерінің, топ-мнеджерлерінің және басқа да қызметкерлердің портреттері әдетте буклеттерде, каталогтарда, презентацияларда, компания сайттарында бейнеленеді және олар жарнамаларда қолданылады.

Көп жағдайда, компания қызметкерлерінің қолдары бос болмақандықтан кәсіби фотограф тапсырыс берушінің территориясында жұмыс істейді. Сондықтан да фотограф барлық керек-жарақтарды өзімен бірге алып келеді. Фототүсірілім өтетін жер тапсырыс берушінің мақсатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Офистік фототүсірілім жұмыстық атмосферада болуы тіс және фирманың кемшіліктері мен артықшылықтары жайлы сөз қозғалады. Мысалға, ресторандағы коллектив мүшелері бірігіп түскен офистік фототүсірілім мақсаты коллективтің қарым-қатынасы, ұйымшылдығын көрсету. Дегенмен, фототүсірілім үшін кең танымал фон – біртекті фон(Біртекті түс неесе ашық қабырға). Ол көрермен назарын басқаға аудармай, негізгі объектіні басты назарға алу үшін қолайлы.

Жоғарғы шенді тұлғалар,әдетте, жалғыз түсіріледі.

Көп жағдайларда бизнес-портрет пен құжатқа түсіруді  бір қатарға қойып қателеседі. Тіпті екеуінде де бірдей фон болса да, екеуі мүлдем басқа жанрлар. Іскерлік  портреттерде қызметкерлердің қалауы бойынша кәсіби фотограф әртүрлі жанрдағы фототүсірілімдерді ұсынуы мүмкін. Мысалға ол кездесулер, таңғы жаттығулар және т.б. болуы мүмкін.

Саяси портрет

Газет-журналдарда көп кездесетін фотография формасы — орташа пландағы түсірілімдер болып табылады. Ол саясаткердің вербальді сөздерінің ерекшеліктерін аудитория санасына жеткізу үшін керек .

Жақсы түсірілген фотография саяси  тұлғаның ішкі және сыртқы дүниесін ғана көрсетпей,оның жанұясымен қарым-қатынасын, автобиографиясын, қызметтегі жетістіктерін көрсете алу мүмкіндігіне ие.

Осылайша, бұл жанрды қойылымдық және репортаждық деп бөліп қарастыруға болады.

Бақылау сұрақтары:

  1. «Фотография жанрлары» түсінігінің анықтамасы.

     2.Фотографиялық портрет дегеніміз не?

     3.«Пейзаж» жанрына анықтама беріңіз.

     4.Архитектурлық түсірілімдердің ерекшеліктері қандай?

     5.Фоторепортаж фотографияның негізгі жанрларының бірі ретінде.

     6.Жанрлық фотографияға мысалдар келтір.

 Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Лэнгфорд М. Теория и практика фотографии, формат chm М,: 2004.
  2. Эрл М. Фотография. М.: Мир,1998.
  3. Тілекметов Б., Жидебаев Ә. Фотосурет түсіруді үйрен. Алматы, 1962.
  4. Кәкен Б. Қазақтың інжу маржан мекендері: фотоальбом . – Aлматы, Елнұр, 2012.

P.S. Материал Асылхан Әбдірайымнның «Фотожурналистика»

оқу құралының мәтіні негізінде дайындалған. 

Барлық құқықтар қорғалған. photooner.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *