Шындығатай

 Шындығатай

Алтайдың бауырында туып-өссек те біз баспаған жері көп әлі. Армансыз әр биігіне шығып, әр биігінен төменге көз тастаса шіркін. Осы жолғы бағытымыз – Шындығатай, Бұқтырма көлі. Тау басындағы көл ел арасында Шәңген аталып кеткен. Шәңген аталып кеткені — орыстың Шангин деген бір саяхатшысы ма, ғалымы ма сол көлді зерттеген көрінеді. Ал дұрысы Бұқтырма.

Көл Шындығатайдан ары үш шақырым. Шындығатай деп отырғаным, ескі жұрт. Қырқыншы жылдары кен орны болған. Қазір Раджан Батырханов атындағы застава мен екі-үш үй ғана.

Сонымен «сапарымызды құдай оң етсін» деп Шығыстың шығысындағы Шындығатайға жолға шықтық. Ол жақтың ой-қырын жақсы білетін Сырымды алға салдық. Тоқсаныншы жылдарға дейін жолмен «скөтемпірт» Жазатырдан, Моңғолиядан мал айдайтын.

Жолай Аршаты ауылындағы Ұлттық парк қызметкерлерінен билет алдық. Ақылы. Инспектор әр біреуімізді дәптеріне тіркеп алды-дағы, «орманды өрттен сақтаңдар» деген бір бет қағаз берді.

Таутекелі жазығын басып өтіп, Күрті жазығынан шыға келдік. Мұндағы қыштан соғылған төрт құлақты мазарларды ауданның басқа жерінен көрмеппін. Археолог Айдос Шотбайдың айтуынша, мөлшермен 17-18 ғасырда көтерілген мазарлар.

Жол-жөнекей тау-тастардан аққан суқұламалар кездеседі.

Шындығатайда әскери борышын өтеген солдаттар мұны «Дембель тас» деп кеткен…

Шекара аймағы. Қабақтың үстінен ағараңдап застава көрінді. Фотоаппаратпен тартып көріп едім, мұнарадағы сарбаз біз жаққа дүрбі салып тұр екен. (Стратегиялық нысан болғандықтан фотосын ұсынбадым)

Шың басына қар жауыпты.

Заставаға, содан кейін орманшының үйіне барып тағы тіркелдік. Заң солай. Орманшы: — Мынау жаңбырда көлге көтеріле алмайсыңдар-ау, — деді.

Шындығатай өзені. Өзеннің арғы беті шекаралық аймақ. Турасынан тартсақ бес шақырымнан соң Ресей шекарасы. Оң түстігі Қытай.

Бұқтырма көліне қойшының қорасының өр жағымен шығады екен. Тізгіндегі  Сырым мен Төлеген тәуекелге бел буды-дағы қораның қасындағы өрге атылып-атылып шықты. Көл бар-жоғы үш-ақ шақырым жерде еді. Күн жаңбыр. Қия беткеймен ышқына қозғалған «Ниваларымыз» соңғы тіктен шыға алмады.

Біз қойшының қорасына қарай түссек, көлге кетіп бара жатқан Мейір аға «джибінің» дөңгелегіне шынжыр кигізіп қойыпты. «Шығып кетемін» деді сеніммен…

Көлге таң ата жаяу шығамыз деп шештік те, өзеннің жағасына палатка құрдық. Жігіттер от жағып, ет салды.

Әділ әп-сәтті бес-алты Хариусты суырып алды. Қуырып жесең, дәмі тіл үйіреді.

Шекарада шырт ұйқыға кеттік. Түн салқын бола ма деп едік, жып-жылы сияқты.

Жер бетіне жарық түсе сала ояндық. Өзеннің тастай суына беті-қолымызды жуып, дастарханға жайғастық. Таудың тәтті шәйінен қанып іштік. — Негізі көлдің Бұқтырма өзеніне бәлендей қатысы жоқ шығар. Өзені Қытайдың шекарасына жетер-жетпес жерінен тармақталып басталады. Ал көлден шыққан шүмек мынау Шындығатайға, Шындығатай Бұқтырмаға құяды, — деді Алмас.

Шәйдән кейін Бұқтырманы бетке алдық. Қандай өр болғанымен, өкпеміз өше қоймады.

Жаяулатып бір-ақ сағаттың ішінде көлге жеттік. 2064 метр биіктіктегі көлдің бас-аяғы жеті шақырым.

Төр Алтай десе Төр Алтай.

Қайтар жолда сарқырамаға соқтық. Биіктігі мөлшермен 15 метрдей болар ма екен?

Шекара болғандықтан шығар, аңы аяққа оратылып жүреді екен. Әр-әр жерден аңқиттаған суыр.

Жолды қар алып қалғанын көріп жүреміз. Тас алып қалғанын бірінші рет көрдім қайтар жолда. Жаңбыр жауған сайын тас егіліп құлайды екен. Қауіпті аймақ. Тас тазалайтын ауыр техника да жоқ-ау. Біз қолмен тазаладық.

Бұқтырма көпірі. Жанындағы қаусап қалған — ескі көпір. Бұйырса әлі талай барармыз Бұқтырмаға.

Суреттерді түсірген-Мерей Қайнарұлы, Шығыс Қазақстан облысы

 

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *