«Ақ пен қара»

 «Ақ пен қара»

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында қазақстандық фотожурналистика негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың 85-жылдығына арналған «Ақ пен қара» атты фотокітабының тұсаукесері және мерейтойлық жеке шығармашылық фотокөрмесінің ашылуы өтті,-деп хабарлайды photooner.kz.

Қазақ фотожурналистикасының қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан Сайлау Пернебаев ұлттың қайталанбас тұлғаларының бейнелерін тарихқа фотошежіре ретінде қалдырды. Оның әр алуан тақырыптарды қамтыған және әр жылдардағы республикалық газеттер мен «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Труд» газеттерінде жарияланған 80-нен аса фототуындылары болды. Ол үшін өмірдің өзі фотосурет еді десек те болады. Қас-қағым сәтті қалт жібермейтін фототілшінің тұтас өмір жолымен шығармашылығы естен кетпес естеліктер мен қыруар құнды фото суреттерден тұратын еді. Ғұмырының 40 жылдан астамын осы салаға арнаған Сайлау Пернебаев бір сәттің өзімен бүкіл ғұмырды баяндап берудің шын мәніндегі өнер екендігін мойындатқан суретші еді. Сондықтан оның тұтас шығармашылығын зерттеу аса өзекті мәселе саналады. Замандас әріптесі айтса айтқандай, С. Пернебаев шығармашылығы ұлттық болмысты өзгеше қырынан тануға шақырады.Оның ең керемет аса көркем фотокартиналары ұлт санасындағы ғажайып дала эстетикасымен және табиғат философиясымен астасып жатқанын аңғарамыз.

С.Пернебаевтың фотожурналистикадағы тұтас жасампаздығының бір бөлімі қазақ ақын – жазушыларына арналған. Оны тіпті қазақ әдебиетінің «фото шежіресі» десек те болады. Бұл шын мәнінде баға жетпес байлық есептелмек, Онда қазақ сөзөнерінің марғасқалары — Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ақтанов, Әлжаппар Әбішев, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Әди Шәріпов, Хамит Ерғалиев, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмәділов, Дүкенбай Досжан, Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Әбiш Кекiлбаев, Қадыр Мырзаәлі, Тұманбай Молдағалиев сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің әр жылдардағы фотопортреттері сақталған. Сонымен бір Қазақстан жазушылар одағында өткен салтанатты бас қосулармен мерейтойларда Пернебаев көзінен тыс қалмаған. Айтылған оймыздың дәлелі ретінде Сайлау Пернебаев әр жылдары түсірген бүгінде өшпес тарихқа айналып, бағалы мұраға бағаланған мына фототүсірілімдерді айтуға болады: «Эстония қаламгерлері Қазақстан жазушылар одағында»,«Әкім Тарази, Қабдеш Жұмәділов, Дүкенбай Досжан», «Қаламнан қол босағанда», «Жазушы Мұхтар Мағауин баласы Мадиярмен бірге»,«Әди Шәріпов пен Сәкен Жүнісов», «Қазақстан жазушыларының шығармашылық үйінде демалушылар, ортада Ғабит Мүсірепов», «Әкім Тарази, Қабдеш Жұмәділов, Дүкенбай Досжан», «Мұқағали Мақатаевтың кейбір суреттері. Жарияланбаған суреттерден», «Хамит Ерғалиев 80 жаста» және т.б фотосуреттері енеді. Ондағы фотопортреттерге зер салсаңыз, фотосуреттің жай ғана фото түсірілім емес, шынайы өнер туындысы ретінде қабылдауға тиіспіз, үйткені оның көптеген фотосуреттері көркемдік қуатқа толы. Керемет эстетикалық құнға ие фото түсірлімдерді халықаралық сарапшылар шын мәніндегі өнер туындысы деп қарайды. Бұл жөнінде белгілі өнер танушы Жан Митлер өзінің «Өнер шеберлігі» кітабында өнер туындысының негізгі компоненттері ретінде жіктеуді элементтерді ұсынады: сурет, түс, сызық, текстураның, пішін, пішіннің нысаны (нысаны) және кеңістік. Өз кезегінде, принциптері, яғни, жұмыс элементтердің қолдану және өзара іс-қимыл түрлі жолдары, оның пікірінше, бұдан өзге мыналарды атауға болады : балансы (тепе-теңдік), негізгі бұрыш бөлу (назар), үйлесім (гармония), алуан (эстрадалық), Градиент бітіру (градация), қозғалыс, ырғақ және пропорция. Митлер осылардың бәрі сәтті шыққан өнер туындысының қасиетті бірліктері деп қарастырады.

Кітап тұсаукесерінде балалар жазушысы Сүлейменов Бейсенбай: «Сайлау Пернебаев бір ерекше жан еді, жүріс-тұрысы да бөлек. Қай кезде де бір атар сөзі, әзілі дайын тұратын. Шерхан Мұртазамен керемет әзілдесетін еді. Төле бидің жетінші ұрпағымын дейтін Сайлау. Алтын жәдігерді жеткізіп жүрген тұлға»,-деп тебірене еске алды.

Асылхан Абдрайымұлы мінберде тұрып: «Қолдан келгенше көмек беруге, қазақ фотосуретінің дамуына үлес қосуға дайынмын деп айтып жүретін ерен тұлға еді. Жақында мұражайы ашылғанда кітапты тарту еттік. 84-ке толды, енді келесі 85 жылдығын ғылыми конференциясымен тұжырымдайтын боламыз. Екі жерде таныстырылым өтеді. Алматы полиграфиялық колледжіне 100 грант: 50 қазақ, 50 орыс баласына ынталандыру ретінде бөлінді. Алдағы уақытта Сайлау Пернебаев атындағы «Қас қағым сәт…» атты фотобайқау ұйымдастырылады», -деп мәлімдеді.

Ал Зейнеп Ахметова «Шуақты күндер» кітабын тілге тиек ете отырып, бұл кітапта Сайлау Пернебаевтың естелігі жазылғанын айтты. Төмендегі суретте Зейнеп Ахметоваға Бауыржан Момышұлының автопортреті табысталған сәтінен үзінді. Осы тұста ұлтымыздың дәстүрін берік ұстанатын әрі оны насихаттайтын Зейнеп апамыз қолына табысталған жәдігерді ұстай тұрып: Атам марқұм: «Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін», – дейтін. Сондағы тірі жүремін дегені елдің есінде, халықтың аузында жүрем дегені екен ғой,- деп айтып қалды. 15-20 томы шыққан кей кітап авторлары бүгінде ұмыт болып бара жатыр. О дүниеге кеткен кезде қандай атпен кетеді екен? Адамға құран бағыштап, атын жандырып отыратын — перзенті екен. Сайлау Пернебаевтың перзенттеріне Алла жар болсын!», — деді.

«Атамның 60 жылдығында 2,5 жастағы Ержанымды, сол Ержаным бүгін 53-те, «Момышұлы- 3» деп елге танытқан алғаш осы Сайлау Пернебаев болды. Екінші бір айтарым — «Шуақты күндер» атты кітабым жарық көргенде ең бірінші болып жылы лебізін, мақтауын айтқан да осы Сайлау еді. «Маған да сәлем сал» деп әзілдейтін» деп сөзін аяқтады. Иә, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осыдан шықса керек… Сондай-ақ, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың автопортреті тұяғы Жұлдыз Мұқағалиұлы ағамызға табысталды.

Айта өтейік, шараны ұйымдастырушылар — Қазақстан Жазушылар одағы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Сайлау Пернебаевтың отбасы. Серіктестері — Түркістан облысының әкімдігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан Журналистер одағы.

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 4-курс студенті

Суреттерді түсірген-Елдана ЖҰМАТАЙ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 4-курс студенті

Оқи отырыңыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *